КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Кентау қаласында биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша 5001 жұмыссыз азамат уақытша және тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл кенді қалада «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асқан жоспарлы жұмыстардың нәтижесі. Бұл туралы Кентау қалалық мансап орталығының директоры Нүркен Бекбаев мәлімдеді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмалары негізінде ҚР Үкіметі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген аталған тұжырымдаманы бекіткен болатын. Жоба 2030 жылға дейінгі еңбек нарығын дамытудың негізгі мақсаттары мен міндеттерін айқындайды және сапалы жұмыс орындарының санын 3,6 млн-ға жеткізуді көздейді. Құжат ұлттық басымдықтар мен халықаралық стандарттарды ескере отырып жасалған.
Кентау қаласы бойынша биыл субсидияланатын жұмыс орындарына 1585 азаматты тарту жоспарланған болатын. Есепті кезеңде нақты 1483 тұрғын уақытша жұмыспен қамтылды. Оның ішінде қоғамдық жұмыс орындарына жолданғандардың саны жоспардан жоғары болып отыр: 697 адамға жоспарланып, 792 азамат жұмысқа орналасты. Сонымен қатар қалада жастарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінге дейін алғашқы жұмыс орындарына 25 жұмыссыз жас жолданды.
Жастар практикасы бойынша да жоғары нәтиже тіркелген. Өткен жылы бұл бағытта ең көп жас Түркістан облысында жұмысқа орналасқан болатын. Білім беру ұйымдарының түлектері кәсіби тәжірибе жинақтау үшін жастар практикасына қатыса алады, ал жұмыс беруші оларға арнайы тәлімгер бекітеді. Кентау қаласы бойынша биыл 369 жұмыссыз жас осы бағдарлама арқылы алғашқы жұмыс орнын тапты.
Әлеуметтік қолдау бағытындағы шаралар да жүйелі іске асырылуда. Әлеуметтік жұмыс орындарының жоспары бойынша 210 азамат жұмыспен қамтылды. «Күміс жас» жобасы аясында 87 зейнеталды жастағы тұрғын жұмысқа жолданды. Сонымен қатар «Бастау-Бизнес» жобасы негізінде 160 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Мемлекеттік гранттар да үлестіріліп, екі кезең бойынша қаралған 89 азаматтың бизнес жобасы комиссия шешімімен мақұлданып, қаржыландырылды.
Кентау қаласында тұрақты жұмыс орындарын құру бағытында да нақты нәтижелер бар. 2000-нан аса адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып, бүгінгі таңда 1057 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасқан. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасына сәйкес жеке бастамалар мен инвестициялар есебінен қалада 1000 жұмыс орны ашылуы тиіс болса, нақты 1270 жаңа жұмыс орны құрылды.
Әлеуметтік осал топтарға арналған жұмыс орындары да назардан тыс қалмауда. Түркістан облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес мүгедектігі бар азаматтар үшін 15 жұмыс орны бөлініп, оның 8-іне қала тұрғындары орналасты. Жалпы алғанда, жыл басынан бері еңбекке қабілетті 190 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамту шараларына тартылған. Пробация есебінде тұрған азаматтар үшін де квота қарастырылып, 4 адам жұмысқа орналасты, ал тіркелген 18 адам жұмыспен қамтылды.
Осылайша, Кентау қаласында жүзеге асырылып жатқан кешенді жұмыстар — «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының» нақты орындалуының айқын көрінісі. Халықты тұрақты жұмыспен қамту, жастарды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау — бүгінгі күннің басты басымдықтары. Кентау қаласында ашылған жаңа жұмыс орындары мен еңбек нарығындағы оң өзгерістер алдағы уақытта да жалғасын табатыны анық.













