Қауіпсіздік пен жауапкершілік – зауыттағы басты принцип

0
41

Кентау трансформатор зауыты – еліміздің электр техникасы саласындағы ірі өндірістік кәсіпорындардың бірі. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы бұл зауыт ел экономикасының энергетикалық жүйесін тұрақты қамтамасыз етіп келеді. Өндірістік желілердің үздіксіз жұмыс істеуі, шығатын өнімнің сапасы мен сенімділігі – онда еңбек етіп жүрген мыңдаған мамандардың жауапкершілігі мен кәсібилігінің нәтижесі. Солардың қатарында ұзақ еңбек жолымен ерекшеленетін жұмысшылардың бірі – Үсен Қонысбаев.

Қонысбаев Үсен – Кентау трансформатор зауытында 20 жылдан бері оператор болып жұмыс істеп келеді. Өндіріс саласына алғаш келген күннен бастап ол осы күрделі әрі маңызды істің қыр-сырын меңгеріп, білікті маманға айналды. Қазіргі таңда өндіріс жүйесінің барлық кезеңін қадағалайды. Трансформатор құрастырудың бастапқы процесінен соңғы сынаққа дейінгі әрбір сатылы жұмыс бақылаудан өтеді. Үсеннің айтуынша, жұмыста дәлдік пен ұқыптылық бірінші орында. Әрбір бөлшек өз орнында, әрбір әрекет нақты орындалуы – сапаның кепілі.

Зауыттағы еңбек қауіпсіздігі ерекше талаппен жүргізіледі. Әр ауысым алдында нұсқаулық беріледі, мамандар арнайы қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі. Өндіріс аумағында темір конструкциялар, жоғары вольтты желілер, ауыр техника жұмыс істейтіндіктен, мұнда қауіпсіздік ережесін қатаң сақтау – тек міндет емес, өмірлік қажеттілік. Үсен Қонысбаев осы талаптардың орындалуын ұдайы назарда ұстайды, тәжірибесі аз қызметкерлерге бағыт-бағдар беріп отырады.

Ол еңбек ететін ауысымда 16 адам жұмыс істейді. Әрқайсының өз міндеті бар, ал үйлесімділік пен нақты үйлестіру – бүкіл ауысым жұмысының сапасына әсер етеді. Бірді-екілі адамның қателігі бүкіл өндірістің тоқтауына әкелуі мүмкін. Сол себепті Үсеннің жауапкершілігі жоғары. Ол әріптестермен бірлесіп, жоспарлы жұмыс көлемін уақытылы орындап, күн сайын зауыттың өндіріс қуатын арттыруға үлес қосып келеді.

Кентау трансформатор зауыты бүгінде еліміздің ғана емес, шетел нарығына да өнім шығаратын кәсіпорынға айналды. Мұндағы мамандардың тұрақтылығы, олардың кәсіби деңгейі мен еңбек мәдениеті – өндірістің дамуына негіз болып отыр. Операторлар, құрастырушылар, инженерлер, механиктер – әрқайсысы жалпы нәтижеге өз қолтаңбасын қосып келеді.

Үсен Қонысбаев сияқты ұзақ жылдар бойы бір салада еңбек еткен мамандардың тәжірибесі зауыт үшін де, жас қызметкерлер үшін де үлкен мектеп. Айлық жалақысы 350–400 мың теңгенің аралығында. Бұл – ауыр әрі жауапты жұмысқа төленетін еңбекақы. Дегенмен Үсен үшін ең бастысы – тұрақты жұмыс, адал еңбек және өз ісіне деген құрмет.

Кентау трансформатор зауытының бүгінгі жетістігі – осындай қарапайым еңбек адамдарынсыз мүмкін болмас еді. Жылдар бойы қалыптасқан дәстүр, еңбекқорлық пен тәртіп – өндіріс мәдениетінің негізі. Ал Үсен Қонысбаев сияқты шебер мамандар сол дәстүрдің берік сақталуына үлес қосып келеді.

Leave a reply