СОЗАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР МЕН ЖОСПАРЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларға кеңінен тоқталды.
Округ әкімі Батырхан Аяпов өз баяндамасында биыл округ аумағында жүзеге асқан және қолға алынған жұмыстармен таныстырды.
Биыл Созақ ауылдық округінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттағы көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Созақ ауылдық округі әкімі аппаратының жаңа әкімшілік ғимаратының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Шақырық және Созақ елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамту мақсатында жүргізіліп жатқан су құбыры желісінің 80 пайызы орындалып, жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.
Созақ ауылының Өткелбаев көшесі бойынан бой көтерген спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы да жыл соңына дейін аяқталып, тұрғындардың игілігіне беріледі. Бұдан бөлек, Құрманғазы көшесінен жаңа саябақ пен демалыс орны, №1 колледждің жатақханасы, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған «Жеңіс» аллеясы салынуда. Облыстық маңызы бар тас жол бойына үш аялдама, ал Созақ, Көктөбе және Ыбырай елді мекендерінде воркаут алаңдары орнатылуда.
Мәдениет саласы да назардан тыс қалған жоқ. Биыл Созақ ауылдық мәдениет үйінің залына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал бұрынғы әкімдік ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, қазіргі таңда «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» әлеуметтік орталығы ретінде пайдалануға әзір.
Инфрақұрылым бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. Округ аумағындағы 77 шақырым ішкі жолдың 55,2 шақырымы асфальт, 20,8 шақырымы қиыршық тасты жолдар. Биылдың өзінде Ыбырай елді мекеніне 2,2 шақырым және Көктөбе ауылына кіреберіс жолға жаңа асфальт төселді. Созақ ауылының Матенбаев көшесіне – 520 метр, Құрманғазы көшесіне – 550 метр асфальт жабындысы салынды. Сонымен бірге тұрмыстық қалдық полигонына баратын жолға 3,5 шақырым, Рысбек көшесіне 2,2 шақырым, Ауезов көшесіне 800 метр және Ыбырай елді мекенінің көшелеріне 2 шақырым қиыршық тас төселді.
Ауыл орталық алаңына 3000 шаршы метр асфальт төселіп, көріктендіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы ұзындығы 51,5 шақырым көше жарықтандырылып, округ бойынша 100 пайыз жарықпен қамтылды. Бұл мақсатта бес жаңа трансформатор орнатылуда. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ауылдың ішкі және сыртқы көшелеріне бейнебақылау камералары орнатылып, LED экран қойылуда.
Кездесу соңында ауыл тұрғындары атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, бірқатар келелі ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар бірнеше азамат жеке мәселелері бойынша жүгінді.












