ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫН КӘРІЗ ЖҮЙЕСІМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 50%-ҒА ЖЕТТІ

0
145

Түркістан қаласында тұрғындар жайлылығы үшін инфрақұрылым жүйесімен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2020 жылдың көрсеткішіне сүйенер болсақ, қалада орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 32,2 пайызды (13 601 абонент) құраған болатын.
Жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 4 нысанның құрылысы аяқталып, кәріз жүйесімен қамтылған абонент саны 20 274-ке артты. Бұл қала аумағының 48,9 пайызын құрайды.
Жалпы Түркістан қаласында 27 КНС және сарқынды су тазалау ғимараты /КОС/ жұмыс істейді. Ал сарқынды су желісі – 127,25 шақырым, оның ішінде магистральдық – 39 шқ, көшедегі желілер – 40 шқ, ішкі орамдағы және ішкі ауладағы желілер – 48,2 шақырымға созылған.
Бүгінде облыс орталығында жоспарланған кәріз жүйесі жобаларының құрылысы жалғасуда.
Атап айтқанда, «Бекзат» мөлтек ауданында 118 көшені қамтамасыз ететін жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын кәріз жүйесінің құрылысы, «Иассы» шағынауданының «Ыждыхат» тұрғын үй алабы орамішілік кәріз желілері құрылысы, «Тұран» тұрғын үй массивін сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы (2-кезек), сондай-ақ, 12 нысанда кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілуде.
Одан бөлек, қосымша 3 нысан құрылысы республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды. Олар: «Баянауыл» шағынауданындағы кәріз жүйелерінің құрылысы, №14 пен №15 КНС аралығындағы сарқынды су жүйесінің құрылысы, «Иассы» шағынауданы, «Бірлік» тұрғын үй массиві кәріз жүйелерінің құрылысы (2-кезек).
Аталған жобалар толықтай іске асырылғанда шаһар аумағын кәріз жүйесімен қамту 80 пайызға жетеді деп жоспарланған.

Leave a reply