СОЗАҚ: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ БОЙЫНША 209 АЗАМАТ 1 МЛРД 160 МЛН ТЕҢГЕ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

0
76

Өткен жылы республика бойынша іске асырылған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында ауыл азаматтарының тұрмысын түзеуге бағытталған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие берілді.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков кәсіпкерлікті дамытуға арналған пилоттық жобаны ұтымды пайдалану бойынша сала орынбасары мен жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеп, бұл бағыт бойынша атқарылған жұмыстарды бақылауына алды.
Аталған бағдарлама бойынша Созақ, Құмкент, Шолаққорған, Жартытөбе ауылдық округтерінен ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды. Шолаққорған ауылдық округінен құрылған «Созақ Агро Өнімдері» АШӨК 27 млн. 600 мың теңге, Созақ ауылдық округінен «Жаңа Қазақ Елі» АШӨК 26 млн. теңге, Жартытөбе ауылдық округінен «Сембек ата» АШӨК 20 млн. 250 мың теңге, Құмкент ауылдық округінен «Рауан» АШӨК 15 млн. теңге несиемен қамтылып, Беларус 892.2 маркалы доңғалақты тракторлар мен оған тіркелетін жүк көтергіш құралы, жүк тиегіш (погрузчик) Long King LG 833 МК және жаңбырлатып суару машинасы, дизельді насос станциясы, дәрі шашатын құрылғы, соқа сынды ауыл шаруашылығы техникаларына қол жеткізді.
Аталған ауылдық округтерден 209 азамат бағдарламаның
І бағыты – өсімдік шаруашылығын дамыту,
ІІ бағыты – мал шаруашылығын дамыту,
ІV бағыты – балық шаруашылығын дамыту, VI бағыты – өз кәсібін ашу мақсатында 1 млрд 160 млн теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізу арқылы өз кәсіптерін ашып, нәсібін ұлғайтуда.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласы бойынша Құмкент ауылдық округі тұрғындары көптен бері көтеріп жүрген Жылыбұлақ каналының құрылысы басталды. Бұған қоса ауданда су тапшылығының алдын алып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру мақсатында «Атамекен» шаруа қожалығы 164 гегтар жерге тамшылатып суғару қондырғысын орнатты. Қазіргі таңда онда тереңдігі 11 метрді құрайтын бассейннің құрылысы жүруде.

Leave a reply