Түркістан қаласында Әйтеке бидің туғанына 380 жыл толуына орай «Бабалар рухы үн қатты» атты дәстүрлі әнші-жыршы, термешілер байқауы өтті. Шараның мақсаты – асыл сөздің маржаны мен терең ойдың тұнығын әуезді әнмен жеткізетін терме өнерін өскелең ұрпаққа, өнерсүйер жұртшылыққа кеңінен насихаттау.
Жас термешілердің сайысында айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлсара Тоққұлова, Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Мұрат Жұманов қазылық жасады. Термешілер алғашқы кезеңде оңтүстік мектебіне тән термелерден 2 шығарма орындаса, келесі кезеңде еркін тақырыпта дәстүрлі ән айтты. Сайыстың шарты бойынша үміткерлер 11-21 жас аралығы -кіші буын, 22-35 жас аралығы – үлкен буын ретінде бақ сынады.
Байқау қорытындысы бойынша үлкен буын арасында бас жүлдені түркістандық Диана Әріпбаева еншілесе, І орынға Созақ ауданынан келген Талғат Жайылхан лайық деп танылды. Ал кіші буын бойынша бас жүлдеге түлкібастық Арысбай Мұқасан ие болса, І орын Шардараның үкіліген үмітін арқалап келген Ұлан Садуақасқа бұйырды