«МАҚСАТЫМЫЗ – ХАЛЫҚПЕН БІРЛЕСІП ЖҰМЫС ЖАСАУ»

0
16

Осындай мақсатта іске кіріскен Кентау қалалық мәслихатының депутаттары сейсенбі күні ақсақалдар алқасы және ардагерлер кеңесінің өкілдерімен жүздесті. Келелі бастамадан туындаған кездесуге біз де қатыстық. Әуелі жаңа құрамдағы депутаттарды таныстырудан бастаған мәслихат төрағасы Қаблан Жамалбекұлы өз сөзінде: «Біздің басты мақсатымыз – туған мекеніміздегі тұрғындармен бірлесе отырып, шаһардағы қордаланған шаруаны шешуге ықпал ету. Қолымыз жеткен жерге дейін құзыретімізді пайдаланып, туындаған мәселелерді заң шеңберінде шешуге атсалысу бірінші кезекте депутаттық міндетіміз болса, екіншіден азаматтық борышымыз. Осындай байлам аясында өздеріңізбен етене жақын жүріп, қызмет етсек деген ниетпен алдарыңызға келіп отырмыз.
Сіздердің осы күнге дейін шұғылалы Кентау қаласының өсіп-өркендеуі жолында атқарған еңбектеріңізді жақсы білеміз. Әрбіріңіздің өз салаларыңызда, ел алдындағы қызметтеріңізде жинаған тәжірибелеріңіз мол. Сондықтан шаһардағы күрмеулі мәселелердің түйінін ағыту барысында сіздердің ұсыныс-пікірлеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз қажет», – деп бірлесіп жұмыс жасауға үндеді.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратша Түнтеков халық қалаулыларының аталмыш қадамына оң бағасын беріп, алғашқы басқосуда ұйым мүшелеріне сөз кезегін ұсынды.
Осылайша бастау алған жиында Кентау қаласының инфрақұрылым жүйесі, әлеуметтік саладағы жетілдіруді қажет ететін тетіктер мен осы уақытта таудан келетін мол көлемдегі ағын суды тиімді пайдалану және келешекте ауыз су тапшылығын болдырмау тұрғысында бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Өз кезегінде әр мәселенің шешімін табуға сонымен қатар, кейбір орын алған жайлардың қазіргі таңда түйіні ағытылып жатқаны жөнінде де ардагерлерге нақты жауаптар берген халық қалаулылары осындай кездесулердің алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.
Жиын қорытындысында аталған ұйым мүшесі, Жолшыбек Аккулиевті сөзге тартқан едік. Ол басқосуға өзіңнің көңілі толатынын бірақ жұмыстың енді бастау алатынын айта келіп: «Жаңадан сайланған мәслихат депутаттарына үмітіміз мол. Қала аумағында шешімін күткен мәселелер аз емес. Осындай жағдайлардың алдын алу және жауапты салалардың сол бағытта тындырымды тірлік атқаруына мұрындық болсақ дейміз. Оның барлығы халықтың жайлы тұрмыс кешуі үшін ғой. Сол мақсатта мәслихаттың жаңа құрамы бізбен пікірлерлесіп, бірге жұмыс жасайық деп алдымызға келіп отыр. Әрине, бұл жақсылықтың нышаны. Алдағы уақытта елдің игілігі үшін осы үрдіс жалғасын тауып, депутаттарымыз белсенділік танытып жатса неге қолдамасқа»,- деген ардагер кездесуді жақсылыққа балап, халық қалаулыларымен бірлесе жүріп қызмет етуге әзір екенін жеткізді.
Басқосу соңында мәслихат төрағасы Қаблан Жамалбекұлын да сөзге тартып, алдағы жоспарларымен бөлісуді сұраған едік. Мынадай жауап алдық: «Қарты бар елдің – қазынасы бар» дегендей біздің алғашқы қадамымызды ақсақалдарымыз және ардагерлерімізбен кездесуден бастауымыздың маңызы жоғары деп есептеймін. Өйткені олардың өмірден түйгені мен көргені көп. Әрбір мәселеге байыппен қарап, ұтымды шешім қабылдауға дағдыланған жандар емес пе? Сондықтан осындай мол тәжірибе иелерімен жүздесіп, әрі «Баталы ер арымас» дегендей қазыналы қарттарымыздың батасын алып қызметімізді жалғастырсақ дедік. Бұл қала халқымен кездесулеріміздің басы. Енді орта буын және жастарымызбен пікірлерлессек деп отырмыз. Одан бөлек, әріптестерімнің шаһардың әр аймағында өз сайлаушылары бар. Олардың да талап-тілектері біз үшін аса маңызды. Міне, осындай бағытты ұстанып, халықпен етене жақын байланыс орнату арқылы өзімізге жүктелген міндетті орындасақ деген ниетіміз бар».
Қорыта айтқанда, кентаулық халық қалаулыларының әлеуметке қарай жасаған қадамы жаңашылдыққа бетбұрыстың көрінісі десек артық айтқандық емес. Әр аймақта биліктің жауапты салалары, ел аманатын арқа-лаған тұлғалар өз құзыретінің шегінде тұрғындардың алдына жиі барып, тілектеріне құлақ асса, мемлекет саяса-тының көздеген межесіне сәт санап жақындай түсетініміз анық емес пе.
М.ЖҰМАХАНҰЛЫ.

Leave a reply