САУРАН: ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН БЕЙБАРЫС ӘБДІҒАНИ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

0
104


Шорнақ елді мекеніндегі «Саттар» спорт кешінде алғаш рет өткен қазақша күрестен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне Түркістан облысы бойынша іріктеу кезеңі өтті. Түркістан облысының 13 ауданынан жиналған 25 палуан боз кілемге шығып, өзара кіл мықтыны анықтады.
Спорттық шараның салтанаты ашылу рәсіміне Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов қатысып, сөз сөйлеп, палуандарға сәттілік тіледі.
Сауран ауданының атынан екі палуан қатысты. Олар дзюдо күресінен ҚР бірнеше дүркін жүлдегері, әлемдік жарыстарының және Азия ойындарының жеңімпазы Хамза Дидар «Сауран барысы» лақап атымен және ҚР бірнеше дүркін чемпионы Қуандық Еркеғали «Сауран қыраны» лақап атымен ауданның намысын қорғады. Бұдан соң палуандар белдесуі басталып, жарыс көркі қыза түсті. Барлық аудандардан келген кілең «сен тұр, мен атайын» деген палуандар «Саттар» спорт кешенінің боз кілемінің шаңын шығарды. Саурандық жанкүйерлер додалы жарысты тамашалап, спортшылардың өнерлеріне тәнті болып, бір сейіліп қалды.
Сонымен қазақша күрестен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне Түркістан облысы бойынша іріктеу кезеңінде барлық қарсыластарының жауырынын жерге тигізген Түркістан қаласынан келген Бейбарыс Әбдіғани бірінші орынды иеленді. Ал, жүлделі екінші және үшінші орындарды Шардара ауданынан келген Қайсар Шамшидинов пен Саурандық Еркеғали Қуандық өзара бөлісті. Көрермен көзайымына Отырарлық Асқар Төреқұлов лайық деп танылды. Турнирдің жеңімпазы мен жүлдегерлеріне арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Leave a reply