КЕЛЕСТЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ НАУҚАНЫ АЯСЫНДА САУДА ОРЫНДАРЫНЫҢ МАҢЫ ҚОҚЫСТАН ТАЗАРТЫЛДЫ
Өңірде мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тазалық шаралары қарқынды жүзеге асып келеді. Осы орайда Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев өңірдегі санитарлық тазалықты сақтау, қоқыс тастайтын белгіленбеген орындарды жою, су айдындарының жағасын тазалау, бұзылған ғимараттарды жойып, орнын тегістеу, қатты қалдықтар полигонын ретке келтіру бағытында жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Берілген тапсырмалар негізінде жыл басынан бері аудан аумағындағы рұқсатсыз тасталған 50-ге тарта қоқыс үйіндісінің көзі жойылып, 15 мыңнан астам көшет отырғызылған.
– Бүгінде Келес ауданы аумағында тазалық шарасы тоқтаусыз ұйымдастырылуда. Жоспарлы жұмыстарды атқару бағытында ауылдық әкімдіктерден жауапты мамандар бекітіліп, олар қажетті шараларды қабылдады. Нәтижесінде аудан аумағынан өтетін А-15 республикалық автожолының бойын абаттандыру, сауда орындарының маңындағы қоқыстар тазартылып, егілген ағаш көшеттені тамшылатып суару технологиясы арқылы суару жұмыстары жүргізілуде, – деді Келес қызмет мекемесінің директоры Байтуған Керинбаев.
Айта кетейік, аудан басшысы айналаның ластануына салғырттық танытқан, көгалдандыру жұмыстарымен айналыспаған кәсіпорындар мен мекемелердің басшыларын әкімшілік жауапқа тартуды, сондай-ақ, санитарлық тазалықты сақтамағандарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария етіп, жұртқа көрсетіп отыру керектігі тапсырды. Алдағы уақытта аудандағы көшелер мен алаңдар күл-қоқыстан арылып, ағаш қирандылары шығарылып, гүлзарлар сырлануы тиіс. Бұл жұмыс тек аудан орталығында ғана емес, жеке сектор, сондай-ақ, тысқары аумақтарда да жүргізілмек. Санитарлық тазалау шараларының талапқа сай орындалуын қадағалау міндеті учаскелік инспекторларға және жергілікті полиция өкілдерне жүктеліп отыр.