КЕЛЕСТЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОАКЦИЯСЫНА 30 МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ АТСАЛЫСТЫ

0
90

Өңірде тазалық шараларын ұйымдастыру және оған атсалысу жұмыстары қарқынды жүрзігілуде. Сонымен бірге Келес ауданындағы елді мекендердің тұрғындары, қоғамдық қызметкерлер, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартып отырды. Аудан жастары өзен жағасын қоқыстан тазартса, мемлекеттік мекеме қызметшілері орталық көшелердің бойындағы шөптерді орып, ағаш түптерін әктеді. Шаруалар қауымы егіндік жеріне баратын арық-атыздарды тазаласа, тұрғындар өздерінің үй аулаларын ретке келтірді.

Сондай-ақ аудан орталығы Абай ауылының ішкі көшелерінде сенбілік шарасы өтті. Оған отызға тарта азамат қатысып, көше жиегіндегі қорғандарды әктеп, қасбеттерді бірдейлендірді. Аталған шараға аудан әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімшесінің басшысы Сыдықбай Жолдыбаев, Абай ауылының әкімі Ерғали Абдрахманов қатысып, тазалықшыларға қолғабыс танытты.

Республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» акциясына жалпы Келес ауданынан 10 мыңнан аса адам қатысып, түрлі тақырыпта шаралар ұйымдастырылды. Акцияның аты айтып тұрғандай, оның мақсаты – азаматтарды өз ауданы мен ауылын, ауласын таза ұстап, көшет отырғызуға үндеу. Тазалық шарасы бұнымен тоқтамайды. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың тапсырмасымен аудан көлемінде әр аптаның соңы тазалық шарасына ұласпақ.

Осыған байланысты аудан әкімінің төрағалығымен өткізілген мәжілісте ең алдымен ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Қазыналы қария-Тең қоғам» орталығының басшысы, 2024 жылдың 6 айында көрсетілген әлеуметтік қызметтер бойынша атқарылған жұмыстары туралы есеп берді.

Жиында орталықтың мақсаты мен міндеті баяндалып, зейнет жасындағы азаматтарға салауатты өмір салтын дәріптеу, белсенді өмір сүру қағидасын ұстануға шақыру және мүгедектігі бар азаматтардың қоғамнан шеттелмей, тең дәрежеде өмір сүруіне жағдай туғызу екендігі айтылды.

Есеп жалғасып Жер қатынастары бөлімінің басшысы аудан аумағындағы жер телімдерін түгендеу бойынша соңғы 5 айда атқарылған жұмыстар туралы баяндама оқыды, ауданның жер көлемі бойынша тоқталып өтті. Жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сүйенсек Келес ауданының жалпы жер көлемі 345 129 га болса ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 234 731 га, оның ішінде егістік – 24 691 га, жайылым – 206 396 га, өзге жерлер 3644,5 га, елді мекен жері 63 759 га, ауданның арнайы жер қоры 40 813 гектарды құрайды.

Аппараттық жиналыстың келесі легі аудан аумағындағы санитарлық-тазалық жұмыстары, тұрғын үйлердің қасбеттерін және қоршауларын ретке келтіру жұмыстары туралы қызу талқыға ұласты. Президентіміз бастаған “Таза Қазақстан” акциясы жобасы аясында сенбілік, тазалық жұмыстары бұдан кейін де аудан көлемінде өз жалғасын таппақ. Ол бойынша аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев ауыл әкімдері мен тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеп сапалы жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Leave a reply