ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕГІ АМБУЛАТОРИЯ ЖӨНДЕУДЕН ӨТКІЗІЛІП, ЖЫЛУ ЖҮЙЕЛЕРІ АУЫСТЫРЫЛДЫ

0
55

Келес ауданында денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше ден қойылуда. Бүгінде ауылдық елді мекендердегі емханалар мен фельдшерлік-акушерлік пункттерді жаңғырту жобасы іске асуда. Осы орайда шалғайдағы Бозай ауылдық округінің тұрғындары өткен жылы аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевпен кездесуінде ауылдық округінің орталығындағы «Бозай-ДЕ» амбулатория ғимаратын жөндеуден өткізуді сұранған болатын. Нәтижесінде тұрғындар сұранысы қанағаттандырылып, оған қоса ішкі жылу жүйелері ауыстырылды. Бүгінде амбулатория ғимараты қайта пайдалануға берілді. Бұл туралы аудан әкімінің Бозай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде айтылды.

Аудан басшысы Бозай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде өткен жылды Бозай ауылдық округінде атқарылған жобалар мен алда атқарылар жұмыстар бойынша тоқталып өтіп, жергілікті тұрғындардың сұрақ, пікір, өтініштерін тыңдады. Аталған жиында ауылдағы жер мәселесі бойынша жергілікті тұрғындардан өтініштер түсті. Өз кезегінде аудан әкімі осы аталған мәселердің оңтайлы шешілуіне тиісті мекеме басшыларына бірқатар тапсырмаларды жүктеді.

Өткен жылы Бозай ауылдық округіндегі №59 Б.Момышұлы мектебінің жылу жүйелеріне тозығы жеткен бөліктері ауыстырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тентексай елді мекені таза ауыз суға қол жеткізсе, Бозай елді мекенінің тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігерге құрылысты өз уақытында аяқтамағаны үшін 10 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Бүгінде ауылдық округінің орталығындағы тұрғын үйлерге ауыз суды қосу үшін жер асты құбырлары тексерілуде. Жұмыс барысы аудан әкімінің бақылауында. Келес ауданы бойынша марокко шегірткесінің дірнәсілдерін анықтау жұмыстары ағымдағы жылдың 8 сәуірінен бастап жүргізілуде. Оның ішінде Бозай ауылдық округіндегі 23,75 гектар аумақ химиялық өңдеуге жатады. Бүгінде зиянкестерге қарсы жер үсті және әуе арқылы химиялық өңдеу жұмыстарын 14 дана бүрку (микрон) техникасы және 2 дана АН-2 ұшағы іске асыруда.

Leave a reply