Четверг, 19 сентября

ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕКТІК КӨПБАЛАЛЫ АНА «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫМЕН НАУБАЙХАНА АШҚАН

0
57

Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Ауыл тұрғындарына 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Түркістан облысына бұл бағытта бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру туралы ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде жобаға қызуғышылық танытып жатқан шаруалардың қатары көбейген. Оған дәлел, Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауыл округінің тұрғыны Айғаным Қабылбекова «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында кәсіп бастаған. Көпбалалы ана бағдарлама арқылы 7 млн теңге несие алып, наубайхана ашқан. Бұл қаражатқа кәсіпкер өндіріске қажетті заттар сатып алған. Бүгінде ол күніне 400 дана нан пісіріп, ауыл тұрғындарын қамтып отыр. Бір нанның бағасы 130 теңге көлемінде.

«Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты — ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агробизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу.

«Пилоттық жоба аясында несие алып, кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Алған қаржыға екі газ плитасын, арнайы қондырғылар мен тоңазытқыш сатып алдық. Күнделікті өнімдеріміз ауыл-аймақ пен балабақшалардан артылмайды. Одан бөлек, арнайы тойға да тапсырыс аламыз. Кейде көршілес ауыл тұрғындарына да тапсырыс береді»,- дейді кәсіпкер.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған. Жоба шеңберінде кәсібін дөңгелетуді көздейтін кәсіпкерлер үшін 27 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар.

Leave a reply