
Түркістан облысында сыртқы сауда айналымын кеңейту, экспорттық әлеуетті арттыру және импортқа тәуелділікті азайту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Өңірдің географиялық тиімді орналасуы, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптік әлеуеті сыртқы нарықтармен сауда қатынастарын дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.

Бүгінде Түркістан облысының негізгі экспорттық бағыттары қатарында ауыл шаруашылығы өнімдері мен қайта өңделген тауарлар басым орын алады. Атап айтқанда, мақта талшығы, көкөніс, жеміс-жидек, ет және сүт өнімдері, сондай-ақ өңделген азық-түлік өнімдері шетелдік нарықтарға шығарылуда. Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп пен өңдеу салаларындағы өнімдер де экспорт құрылымында үлес алып келеді.
Облыста экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында индустриалды аймақтар мен шағын өндірістік парктерде жаңа кәсіпорындар іске қосылуда. Бұл өндіріс орындары ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, сыртқы нарықтарға бағытталған өнім шығаруға бейімделіп отыр. Әсіресе өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы қосылған құны жоғары өнімдер экспортын ұлғайту көзделуде.
Экспорт көлемі соңғы үш жылда 42 пайызға өсіп, 1,8 млрд АҚШ долларына жеткен. Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту бойынша нақты міндеттер жүктеген. Осыған сәйкес облыс әкімінің тапсырмасымен өңір экономикасына терең талдау жүргізіліп, әр аудан мен қаланың экономикалық ерекшелігі, шикізаттық әлеуеті, өндірістік мүмкіндігі, импортқа тәуелділігі мен ішкі нарық сұранысы жан-жақты сараланған. Осы жұмыстар арқылы 2025 жылы облыстың сыртқы тауар айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өсім 34,6 пайызды құраған. Экспорт көлемі соңғы үш жылда 42 пайызға өсіп, 1,8 млрд АҚШ долларына жеткен. Шикізатты терең өңдеу және қосымша құны жоғары дайын өнім шығару бағытында нақты шаралар қабылданды. Импорт құрылымын талдау нәтижесінде 154 млн АҚШ долларына дейінгі тауарларды өңір ішінде өндіруге мүмкіндік бары анықталды. Импортты алмастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске қосылған. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Lihua» компаниясының жіп иіру фабрикасы, «QazLaminat» ламинат зауыты, «Er Qan» бір реттік ыдыс-аяқ өндірісі және «QazEcoPack» скотч шығаратын зауыты жұмысын бастаған. Сонымен қатар Сауран ауданында «Жасыл Суық Қазақстан» тоңазытқыш өндірісі, Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» зауыты, Түлкібас ауданында RC Cola брендімен түрлі-түсті сусындар шығаратын «Beibars Bottlers» кәсіпорны, ал Кентау қаласында «Turan Shenhua» газ қазандықтары өндірісі іске қосылған. Бұдан бөлек облыста John Deere және Lovol ауыл шаруашылығы техникалары мен дрондар өндірісі, бояу-әрлеу, тігін, төсек-жайма және джинс маталарын шығаратын фабрикалар, карбамид, биологиялық қоспалар мен витаминдер өндіретін зауыттар, сондай-ақ ірі қара мал сүйегінен май мен пептон компоненттерін өндіретін кәсіпорындар секілді импорт алмастыруға бағытталған жалпы құны 280 млрд теңгені құрайтын 39 жоба жүзеге асырылып жатыр. Инвесторларды қолдау мақсатында инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген өндірістік алаңдар қалыптастырылған. Арнайы экономикалық аймақта 881 млрд теңгеге 98 жоба жүзеге асырылып, 7663 жұмыс орны ашылған. Индустриялық аймақтарда 124 млрд теңгенің жобалары іске асырылып, 6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 29 өндірістік алаң құрылып, жалпы 275 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта 227 млрд теңгенің жобалары іске асырылып, 5 879 жұмыс орны құрылуда. Инвестиция тарту жұмыстарының нәтижесінде 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, өсім 121,6 пайызды құрады. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 млрд АҚШ долларын құрап, жоспар артығымен орындалды. Өткен жылы 58 жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 67 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Биылғы алғашқы 4 айда облыстың қысқа мерзімді экономикалық өсімі 125 пайызды құрап, республика бойынша бірінші орынға шықты. 2026-2029 жылдарға жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылған. Бұл жобалар нәтижесінде 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ алдағы 5 жылда жалпы өңірлік өнім көлемін 2,6 есеге арттыру, ал өзіндік кірістерді 2,3 есеге ұлғайту жоспарланған. Атап айтқанда, 2025 жылғы 5,1 трлн теңгелік көрсеткішті 2030 жылға қарай 13 трлн теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Соның нәтижесінде республикалық бюджетке тәуелділік 40 пайызға дейін төмендемек. Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқынының артып келе жатқанын атап өтіп, ашықтық пен қоғамдық бақылауды күшейтудің маңыздылығын жеткізді.
Сонымен қатар шетелдік әріптестермен екіжақты келіссөздер жүргізу, халықаралық көрмелер мен инвестициялық форумдарға қатысу арқылы Түркістан облысының экспорттық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылуда. Бұл өз кезегінде жаңа нарықтарға шығуға және экспорт географиясын кеңейтуге жол ашуда. Импортты алмастыру бағытында жергілікті өндірістерді қолдау, қазақстандық қамту үлесін арттыру және жаңа технологияларды енгізу шаралары да жүзеге асырылуда. Бұл өңір экономикасының тұрақтылығын нығайтып, сыртқы нарыққа тәуелділікті біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында экспорт және импорт бағытындағы жұмыстар өңірдің экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, сыртқы сауда айналымын кеңейтуге және инвестициялық тартымдылықты арттыруға ықпал етуде. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту, экспорттық өнім түрлерін көбейту және жаңа халықаралық нарықтарға шығу жоспарлануда.













