БИЫЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫМЕН 29 МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ

0
119

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылды. “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген Жолдауда.

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 49 мың оқушыны қамтитын 63 мектеп салынады. Оның 29-ының құрылысы биыл басталып, 2024 жылы аяқталады. Ал қалған 34 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынатын бұл білім ұялары өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешуге серпін бермек. Аталған ауқымды құрылысқа байланысты облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ұлттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі алгоритм жасалды. Алгоритмге сәйкес облыс көлемінде арнайы жұмыс тобы құрылып, құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері, басқарма басшылары, депутаттар, білім саласы және инфрақұрылымға қатысты мекеме өкілдері енгізілді. Жұмысшы топтың отырысы айына кемінде 1 рет өткізіліп, өзекті мәселелер талқылануда. Әрбір білім ұясының құрылысы қатаң бақылауға алынды.
Инфрақұрылымы, инженерлік жүйелері, жері, суы мен газы, электр жүйесі, жалпы әрбір өзекті мәселесін шешу жолдары жоспарланып, нақты жұмыс жүріп жатыр.

Оқушылардың саны зерделеніп, қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Сонымен бірге мектептердің жобасы, қолданылатын құрылыс материалдары мен жиһаздары бойынша да ортақ стандарт қабылданған. Ол мердігерлерге ұсынылды. Жүйелі әрі жедел жұмыстар нәтижесінде 2023 жылы құрылысы жоспарланған 29 мектептің 19-ының жер телімдері бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер мен жобалаушы мекемелері анықталды. Ал қалған 10 мектеп бойынша «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы тарапынан сатып алу конкурсының ашылуы өткізілуде.

Оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасайтын жоба аясында алдағы үш жылда елімізде 401 жаңа мектеп салынбақ. «Жайлы мектептердің» құры­лысын үйлес­тіруші ретінде қор­дың еншілес ұйымы – Samruk-Kazyna Construction компаниясы таң­далған екен. Тиісінше, жоба аясын­дағы құрылыс жұмыстарына осы компания жауапты. Дәлірек айтсақ, Samruk-Kazyna Construction құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талаптарға сәйкес салынуын бақылайды, мердігерлерді таңдаудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді, нысанның сапасы мен уақтылы қолданысқа берілуін қадағалайды. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айман­бетовтің айтуынша, компания құрылыстың егжей-тегжейлі жос­па­рын дайындаған. Білім ордалары негізінен қазіргі уақытта орын тап­шылығы қатты сезіліп отырған аймақтарда салынады. Олар – Алматы (63 мектеп), Түркістан (63) және Маң­ғыстау (24) облыстары, сондай-ақ Шымкент (25), Астана (24) және Алма­ты (22) қалалары. Бұл ретте 218 мек­теп – қалада, 183 мектеп ауылдық жер­де бой көтереді. 2023-2024 жылдары – 226 мектеп, 2024-2025 жылдары 175 мек­теп салынады деген жоспар бар.

– Ұлттық жоба аясында 2025 жыл­ға дейін елімізде 401 жаңа мектеп салу қарастырылып отыр. Заманға сай салынатын бұл мектептер 842 мың оқушыға шақталған. Осының нәтижесінде, елдегі үш ауысымды оқу үдерісінен құтылуға мүмкіндік бар. Мәселен, Алматы облысында салынатын 63 жаңа мектепте 136 мыңға жуық бала оқитын болады. Ал елордадағы 24 жаңа мектеп 88 мың оқушыны қабылдауға қауқарлы, – деді М.Айманбетов.

Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге. Оның 1 трлн 960 млрд теңгесі респуб­ликалық бюджеттен, 646,5 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Биыл 499,9 млрд теңгені, 2024 жылы – 1 трлн 038,3 млрд теңгені, 2025 жылы 1 трлн 068,2 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл ретте бөлінген қаржының 2 трлн 36 млрд теңгесі мектептердің құрылысына, ал 243 млрд теңгесі пайдалануға берілген білім ордаларын күтіп ұстауға жұмсалады.М.Айманбетов мердігерлерге қатаң талаптар қойылатынын айтты. Жобаларды бағалау кезінде қол­даныстағы стандарттар, ел Үкіметі бекіткен техникалық тапсырма, сон­дай-ақ озық халықаралық тәжірибе ескеріледі. Құрылыста отандық өнді­ріс материалдарын пайдалануға басымдық берілмек.

Leave a reply