ТҮРКІСТАН: ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТА ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ АШЫЛАДЫ

0
130

Түркістан қаласында 2023-2025 жылдары 169 жаңа жұмыс орнын құрайтын 4 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобалар темірбетон бұйымдары, темір және ағаштан есік жасау, асфальтты бетон өндіруге бағытталуда. Жоба құны 3 млрд. теңгені құрайды.

Рухани астананың халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының бойында орналасуы, қалыптасқан әуе және темір жол қатынастарының болуы өнеркәсіпті өркендетуге мол мүмкіндік береді. Осы ерекшеліктер ескеріліп, облыс орталығында Арнайы экономикалық аймақ құрылып, инфрақұрылым жүйелері тартылған болатын.
Қазіргі таңда Түркістан индустриалды аймағында 1330 жұмыс орнын құрайтын 27 жоба орналасқан. Жалпы құны – 13,01 млрд. теңге. Оның ішінде жалпы сомасы 8,564 млрд. теңгені құрайтын 19 жоба іске қосу актісін алған. Айта кетейік, 2022 жылы жоспарлы көрсеткіштің орындалуы бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында 54 жұмыс орнын құрайтын 3 жоба іске қосылды.

Қазіргі таңда өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін қолданыстағы индустриалды аймақ 350 гектарға дейін ұлғайтылып, инфрақұрылымы жасақталуда. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында қажетті қаражатқа қол жеткізуге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында да сүйемелдеу жұмыстары ұйымдастырылған.

Бүгінде облыс орталығында өнеркәсіпті дамыту бойынша инвесторлар тарту шаралары қарқын алған. Инвесторларға қызмет көрсетуші компаниялар «Бизнеске арналған үкімет» орталығында «Бір терезе» қағидатымен шоғырландырылған. Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан көрсетілетін қызметтер «Халықтық кеңсе» мен «109» орталығы арқылы ұйымдастырылып, жүйеленген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс. Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады»,- деп ерекше атап өтті.

Түркістан қаласында жергілікті халық саны артып келе жатқаны анық. Осыған орай Мемлекет басшысының Жолдаулары мен жүктеген міндеттерінде айтып өткеніндей, халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар және өңірлердің инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін дамыту – негізгі басымдықтардың бірі болса, тарихи мекенде бұл салада атқарылып жатқан шаруалар аз емес екенін атап өткен жөн.
Облыс орталығы болғалы бері қаламызда 163 тұрғын үй салынып, 9397 отбасы баспаналы болды. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта 4439 пәтерлі 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде биыл 59 үйді (3377 пәтер), келесі жылы 7 үйді (1062 пәтер) пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жеке инвестиция есебінен 2700 пәтерлі 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Leave a reply