ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТІК ТҰРҒЫНДАР ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫ КӨЗДЕЙДІ

0
103

Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы Келес ауданындағы Абай ауылы, Алпамыс батыр, Ұшқын және Бірлесу ауылдық округтерінде жүзеге асыру жоспарланған. Аталған бағдарлама шеңберінде Бірлесу ауылдық округінің тұрғындары құс шаруашылығын дамытуды көздеп отыр. Атап айтқанда «Бірлесу құс» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, құны 425,0 млн.теңге құрайтын құс шаруашылығын дамыту жобасын іске асыру үшін құжаттары жинақталуда. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың Бірлесу ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде айтылды.

«Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған.

Жан-жақты зерделенген жобада жеңілдіктер де жоқ емес. Мәселен, ауыл азаматтары кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала отырып, техниканы лизингке рәсімдеуге мүмкіндік алады. Несие немесе микронесиенің мерзімі – 5 жыл болса, мал және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі. Несиенің ең жоғары соммасы қолданыстағы заңнама бойынша анықталады.
Жобаға қызығушылық танытқан ауыл тұрғындары толық ақпаратты аудандық «Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына» жүгініп, нақтылай алады.

Кездесу барысында аудан басшысы Бірлесу ауылдық округіндегі өзекті мәселелерді шешу бағытындағы шараларға тоқталып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Өз кезегінде ауыл тұрғындарын тазалық шарасына белсенді қатысуға шақырды.

– Осы айда Президентіміздің бастамасымен Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Акция аясында елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстарын қолға алынып отыр. Бұл жұмыстар күнделікті бақылауда. Осы кездесуді пайдаланып, Сіздерді ең алдымен өздеріңіз тұратын ауланы, көшені таза ұстауға, үйлеріңіздің сыртқы келбетін ретке келтіруге, қоқыстарды ретсіз тастамауға, ағаш егуге шақырамын, – деді аудан әкімі.

Жалпы Бірлесу ауылдық округінде кәсіпкерлік саласы дамуда. Өткен жылы округ аумағында құны 102, 5 млн теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асып, 18 адам жұмыспен қамтылған. Атап айтқанда кәсіпкер есебінен 150 орындық балабақша салынса, жеке кәсіпкерлер жалпы 4600 түп Павлония көшетін отырғызды. Сондай-ақ, шаруақожалықтар ауылшаруашылығы техникаларын жаңғыртып, егін егу саласына тың технологияларды енгізді.

Leave a reply