«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ЖЕТІСАЙДА 500-ГЕ ЖУЫҚ АДАМ ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, сақтау мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы аудан аумағында қарқынды жалғасуда. Жетісай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық жалпыұлттық акциясы аясында бүгін Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде аудандық сенбілік өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған шараға аудандағы барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлерімен қатар аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат аппараты қызметкерлері мен жергілікті депутаттар, округ тұрғындары қатысты.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан бөлінген секторларда қатты тұрмыстық қалдықтар жиналып, шөптер шабылды. Арық-атыздар тазаланып, қураған ағаштар қырқылды.
Айта кетейік, аудан әкімінің тапсырмасымен өткен тазалық жұмыстарына 500-ге тарта жетісайлық пен 10 техника жұмылдырылып, 30 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Өткізілген сенбілік жұмыстарында республикалық, облыстық маңызы бар автожолдың, ішкі көшелердің бойында жинақталған, бей-берекет тасталған күл-қоқыстарды тазалау, талдарды ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ арық-атыздар тазаланды. Жалпы 18 техника жұмылдырылып, 6 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Акцияға 500-ден астам адам белсене қатысты.