ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ АЯСЫНДА СЕНБІЛІК ӨТТІ
Түркістан облысының аумағында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында тазалық жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны аясында Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың шешімімен аптаның жұма күндері тазалық шараларын өткізу бекітіліп, аудан аумағында жалпы аудандық сенбілік өтуде.
Тұрақты түрде жүргізіліп отырған тазалық шарасы бүгін де жалғасын тапты.
12 ауылдық округ, 1 қалада ұйымдастырылған сенбілікке мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлік нысан иелері, қоғам белсенділері атсалысты. Сенбілік барысында қатысушылар өздеріне бекітілген аймақтарды күл қоқыстан, құрылыс заттарынан, кесілген ағаш бұталарынан, орылған шөп қалдықтарынан тазартты. Жол бойындағы жабайы тікендерді шауып, шөптерін орды.
Аталған шараға аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы арнайы қатысып, аудан аумағын абаттандыруға өз үлестерін қосқан азаматтарға алғысын жеткізді.
Тазалық шаралары нәтижесінде облыстық маңызы бар 35 шақырым, аудандық маңызы бар 42 шақырым жол бойлары, 65 шақырым ішкі көшелер тазаланды. Тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шараға 500-ге жуық адам қатысты.