«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ОРДАБАСЫДА СЕНБІЛІКТЕ 60 ТОННАДАН АСТАМ ҚОҚЫС ЖИНАЛАДЫ
Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында Түркістан облысы білім басқармасы әр апта аймақтың әр аудандарына сенбілік жұмыстарын жүргізеді. Елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Ордабасы ауданына қарасты Қажымұқан ауылдық округіндегі Арыс өзенінің жағасында жалғасын тапты. Сенбілікке 4 техника жұмылдырылып, 80 азамат қатысты. Шарада Арыс өзенінің жағасы мен көпірдің асты, жалпы ұзындығы 4 шақырымдай жерді күл-қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, сенбілік ауданға қарасты Бөржар, Бөген, Бадам секілді басқа да ауылдық округтерде де жалғасын табуда. Аудан көлеміндегі сенбілікке 330 адам қатысып, 10 техника жұмылдырылды. Олар Арыс өзенінің жағалауы мен елді мекендерден жалпы 62 тонна күл-қоқыс шығарды. Тазалық шарасына аудандағы түрлі мекеме мамандары, қоғамдық қызметкерлер, жастар және орман шаруашылығының қызметкерлері атсалысты.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясында «Аманат» партиясы Бәйдібек аудандық филиалының және «Денсаулық» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті.
«Таза бейсенбі» акциясы аясында аудандық орталық аурухана, жастар орталығы мекемелері мен Шаян ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлері Шаян өзенінің жағалауын қоқыстан, тұрмыстық қатты қалдықтардан тазалау жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, барлық мекемелер бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, акцияға белсене қатысты. Айта кетейік, ауданда әр сенбі сайын сенбілік ұйымдастыру тұрақты түрде жалғасын табуда.