ТҮРКІСТАН: ҰЛДЫҢ ИБАЛЫ, ҚЫЗДЫҢ ТӘРБИЕЛІ БОЛУЫ – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕДЕН

0
49

Экономикалық мәселелермен қатар, ел дамуында рухани құндылықтар да өз орнын алды. Атап айтқанда, тұрақтылық пен келісім, бейбіт өмір – еліміздің дамып, гүлденуінің алғышарты, баға жетпес құндылықтарымыз. Осы құндылықтарды қамтамасыз етудегі отбасының рөлін де Президентіміз бағалап өтті. Бұдан отбасының ұйытқысы мен берекесі саналатын аналарға жүктелер салмақтың жеңіл еместігі аңғарылады. Осы орайда түркістандықтар үшін танымдық мақаланы ұсынып отырмыз.
–Әсима Темкеқызы, оқырмандарға өзіңіздің өмір жолыңызды қысқаша таныстырып өтсеңіз.
–Мен Ресей Федерациясының Омбы қаласында дүниеге келгенмін. Орта мектепті тәмәмдағаннан кейін Омбыдағы педагогикалық институтқа түстім. Аталмыш оқу орнын ойдағыдай бітіріп, 1977–1979 жылдары Омбы облысының Павлоград ауданындағы Логинов орта мектебінде мүғалім әрі директордың орынбасары қызметін атқардым. Одан кейінгі жылдары ұзақ уақыт комсомол ұйымының бірінші хатшысы қызметін атқардым, партия ұйымында еңбек еттім.
1998 жылдан бастап Астанаға қоныс аудардым. Жаңа қаладағы еңбек жолым Астана қаласының «Алматы» ауданы әкімдігінде жалғасты. Мұнда бас маман, бөлім меңгерушісі, әкімнің орынбасары болдым. 7 жылдан астам Астана қаласының білім басқармасына жетекшілік еттім. 2013 жылдың қарашасынан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутатымын. Елімнің өзіме деген сенімін ақтауға бар күш-жігерімді жұмсап келемін.
–Әл-Фараби бабамыз тәрбиесіз білімнің баянды болмасын айтқан. Демек, бұл тәрбие мен білімнің егіз ұғым екенінін дәлелдеп тұр. Осыған байланысты ойыңызды білдіріп өтсеңіз.
–Бала дүние есігін аша салысымен тәрбиеге бөленуі керек. Ұлттық тәрбие ананың ақ сүтімен, әлдиімен бүлдіршінге дариды. Бұл туралы халқымыз «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» немесе «тәрбие талбесіктен басталады» деген. Ұлы жазушымыз М.Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» – деп айтып кетті. Мұның бәрі халқымыздың өмір сүру дағдысынан екшеленіп алынған. Біз әжелеріміздің ертегісін естіп, олардың өнеге сөздерін құлағымызға құйып өстік. Сол ертегілерді тыңдап отырып қиялға берілетінбіз. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімі де сол балалық шақта бүр жарып, кейін Отанға деген ұлы махаббатқа ұласты. Әжем мен анам қыз баланың инабатты да, ибалы болып өсуіне қатысты ақыл-кеңестерін бойымызға сіңіре білді. Ер-азаматтарды сыйлауға қатысты «ер адамның жолын кеспе», «ер адамның көзіне тік қарама» – деп отыратын. Қай кезде болмасын, тек қана жақсылық тілеп жүр,– дейтін. Қыздың ойы да, бойы да, жан-дүниесі де үнемі таза болуы керектігін ескертетін. Мұның мағынасын кейін жете түсіндім. Расында да, қай ұлттың болмасын тілін, ділін, дінін, ұлттық рухын қалыптастыратын – қыздар ғой. Біздің де ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық мінез-құлқымызды сақтап қалуға аналар көп еңбек сіңіргені баршамызға мәлім. Олар қазақтың ұлт ретінде өркендеуіне, іргелі ел болуына, мемлекетіміздің тәуелсіздігін қорғап қалуға ұшан-теңіз үлес қосты. Бұған еліміздің өткен тарихынан мол мысалдар келтіруге болады. Тарихи деректерде ел басына күн туып, ерлер Отанды қорғауға аттанғанда, қара шаңыраққа әйелдер ие болып, ұрпағын аман сақтап қалған. Атап айтқанда, тұрақтылық пен келісім, бейбіт өмір – еліміздің дамып, гүлденуінің алғышарты, баға жетпес құндылықтарымыз. Осы құндылықтарды қамтамасыз етудегі отбасының рөлін де Президентіміз бағалап өтті. Бұдан отбасының ұйытқысы мен берекесі саналатын аналарға жүктелер салмақтың жеңіл еместігін аңғарамыз. Менің ойымша, келешек ғасырдағы еліміздің тағдыры бүгінгі қыздардың, яғни, болашақ аналардың қолында. Олар неғұрлым білімді, неғұрлым мейірімді, неғұрлым қайырымды болса, ұрпағымыз да сондай болмақ. Қыздарымыздың ибалы, иманды, тәрбиелі болуы үшін ұлттық салт-саналық ой-өрісін кеңейту қажет. Ол үшін балабақша, мектеп және жоғары оқу орындарында міндетті түрде ықылым заманнан қалыптасқан әдет-ғұрыптарымызды насихаттайтын бағдарламалар жасалып, арнайы оқулықтар жазылуы тиіс. Сонда ғана кішкентайынан ұлттық тәрбиені бойына дарытқан ұрпақтан өз Отанына жан-жүрегімен берілетін патриот өсіп шығары даусыз.
–Бүгінде ел басқарып жүрген нәзік жанды қыздарымыздың арасынан кімдерді айрықша бөліп айтар едіңіз? Олардың қандай қасиеттерін үлгі тұтуға болады?
«Мен қазақ қыздарына қайран қалам!» –деп басталатын өлең жолдары еріксіз ойыма түсіп кетті. Себебі, бүгінгі таңда ғылымның, мәдениет пен өнердің, әдебиет пен саясаттың көшбасында жүрген көптеген қыз-келіншектердің қажырлы еңбектері туралы жақсы білеміз. Дегенмен де, үлкен істерде көзге түсіп, дүниежүзіне танылған Айман Мұсаходжаева, Ольга Шишигина, сондай-ақ Аягөз Миразова, Ханымгүл Әбдірәсілова, Гүлмира Телғозиева есімдерін айтар едім. Өйткені, Отанымыздың жаңа деңгейге көтеріліп, ғаламдық бәсекеде әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу жолында атқарып жатқан істері өте ауқымды. Олардың даналықтары мен сыпайы мінездерін, ең бастысы – қандай істі қолға алса да, табандылық танытатын бірбеткей өткірліктерін ерекше бағалаймын.
Әлемдік экономикадағы күрделі жағдай бізге де өз әсерін тигізері сөзсіз, себебі, біз халықаралық экономикалық жүйеге терең араласып кеттік. Президентіміз айтқандай, инфрақұрылымдық жобалардың дамуы еліміздің әлеуметтік жағынан жақсаруына тікелей ықпалын тигізеді. Менің ойымша, Жолдаудағы осы екі бағыт өзара тығыз байланысып жатыр. Өйткені, инфрақұрылымдардың дамуы – біздің бәсекелестікке деген талпынысымызды күшейтеді. Жасыратыны жоқ, біз Еуразия кеңістігіндегі серіктестермен бәсекелеспіз. Мысалы, еліміздің жол жүйесін дамыту Қытайдан Еуропаға және керісінше жүк тасымалдауды кеңейтеді.
Ал, әлеуметтік тиімділік туралы тоқтамай айтуға болады. Айталық, жаңа мектептер мен балабақшалар салу немесе оларды жөндеу экономикалық тиімділік те береді. Яғни, аналар жұмыс жасауға мүмкіндік алады, қазіргі күрделі кезеңде бұл аса маңызға ие. Мен мұны ұзақ перспективалы бүгінгі күннің жобасы деп айтар едім. Жұмыспен қамсыздандыру, салық түсімдері, шектес салалардың дамуы жақын арада жүзеге асырылса, ал осылардың игілігін пайдалану ұзақ мерзімді қажет етеді.
–Мемлекетіміздің индустриялануы даярлығы мол мамандарды қажет етеді. Елбасы ғылымдағы жетістіктерді экономика саласын дамытуға негізделген 10 университетті материалдық-техникалық қормен жабдықтауды талап етті. Сіз білім беру ісінің қазіргі жағдайын жетік білетін маман ретінде бүған қатысты не айтар едіңіз?
–Соңғы кезде мемлекетімізде жоғары технологиялы өндірістердің құрылуы даярлығы зор мамандарды талап етіп отыр. Расын айту керек, біз бұған дайын болып шықпадық, индустрияландырудың екпіні өте тез болғаны сондай, әртүрлі салаларда кәсіби инженерлерді дайындау оған ілесе алмай қалды. Автомобиль құрастыру, фармацевтика және де басқа өндіріс салаларының жоғары деңгейдегі мамандарын «өсіріп шығаруға» кем дегенде 4-5 жыл қажет. Сондықтан да, жоғары оқу орындары арасынан осыған дайындығы бар он оқу орны арнайы таңдалды. Сол сияқты орта техникалық білім беруде де оң өзгерістер баршылық. Атап айтқанда, коллеждерде тәжірибе жүзінде дуалді оқыту әдістері игеріліп жатыр. Жалпы, білім беру процесі белгілі бір уақытты талап етеді. Бірақ бүгінгі инженерлер, технологтар болашақта өздерін тұрақты жұмыспен қамтамасыз ете алады, бұл өте өзекті мәселе.
Болашақ мамандарды дайындау мектеп қабырғасынан басталуы керек. Бұған белгілі бір жағдай жасалуы тиіс. Елбасы мектептерде үш ауысыммен оқытатын мектептер проблемасын шешу туралы тапсырма берді. Бұл білім берудегі келеңсіздіктерді азайтып, оқушыларға, ұстаздарға және ата-аналарға қолайлы жағдай тудырып отыр. Бұған қоса, Мемлекет Басшысы апаттық жағдайда тұрған мектептерді қалпына келтіруге 70 млрд. теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Білім беру процесінде қордаланып қалған мұндай мәселелерді дер кезінде шешу маңызды болып табылады. Әсіресе, мектептердің қауіпсіз жағдайда болуы ата-аналардың алаңсыз сапалы жұмыс жасауына кепіл болады. Қорыта айтқанда, қазіргі кездегі күрделі инновациялық технологияларды игеру, жаңа заманның ғылыми жүйе талаптарын меңгеруге деген алғашқы талпыныстар мектептен басталуы қажет. Сонда ғана болашақта әлемдік деңгейде мойындалатын мамандар өз елімізден өсіп шығатынына сенімді боламыз.
–Әдет-ғұрпымызды жаңғырту Парламент Мәжілісінде арнайы көтерілді ме? Алдағы уақытта ұлттық құндылықтарды ұлықтауды күн тәртібіне қою ойыңызда бар ма?
–Ұлттық салт-сана, дәстүріміз – өте күрделі ғылым. Тәуелсіздік таңы атқаннан бері ұлттық әдет-ғұрпымызды дәріптеу қолға алынып, ғылыми еңбектер қатары молая бастады. Әдет-ғұрпымызды жаңғырту мәселесі Парламент Мәжілісінде бірнеше рет арнайы көтерілді. Алдағы уақытта да ұлттық құндылықтарды ұлықтауды күн тәртібіне қою жоспарымызда бар. Себебі, қоғам өзгеріп, бір халық бір халықтан алға озып, мәдени жағынан ықпал етеді. Өркениеттің көшінен қалмау үшін біз ұлттық даралығымызды танытатындай салт-дәстүрлерімізді ұстауға міндеттіміз. Әдет-ғұрпымызды сақтау қазақ есімді елдің, халықтың, ұлттың бүгіні мен болашағын талдап, тану деп ұғуға тиіспіз. Ұлт рухы мен ұлт ертеңі үшін жүргізіліп отырған «көзге көрінбес» ұлы майданда салт-дәстүрімізді сақтау арқылы ғана әлемді мойындатарымыз сөзсіз.
–Ұлттық салт-дәстүр мәселесі соңғы кездері көп айтылып жүр. Қазақы қалпымызды, халықтық құндылықтарымызды сақтау, дамыту тұрғысында не айтар едіңіз?
–Мәңгілік ел – халқымыздың ұлттық идеясы, ата-бабаларымыздың асыл арманы, «Қазақстан – 2050» Стратегиясының түп қазығы, жаңа Қазақстандық патротизмді қалыптастырудың алтын өзегі. Отанымыздың барлық азаматтары, соның ішінде жастар осынау ұлы дүбірлі үдерісте бір кісідей жұмылып белсенділік танытулары керек. Әрине, басқа елдерге өзіңнің ана тіліңді, ұлттық салт-дәстүріңді, дінің мен діліңді сақтағанда ғана таныла аласың. Қазақы қалпымызды, халықтық құндылықтарымызды сақтау, дамыту бүгінгі таңда сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асырылып жатыр. Балабақшалар мен мектептерде, жоғары оқу орындарында елдің болашақ тұтқасын ұстайтын жас өрендерге өз халқының тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, әдет-ғұрпын жетік меңгеруге мол мүмкіндіктер жасалып отыр.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі уақытта еліміз ғасырларға татитын, қайшылығы мен бұралаңы мол, жеңістері мен табыстары ұшан-теңіз жолдан өтті. Енді әлемдік деңгейдегі биік асуларға ұмтылып келеміз. Қазақы қалпымызды, халықтық құндылықтарымызды сақтау, дамыту тұрғысында бүкіл білім ошақтары жас жеткіншектердің Отанға деген патриоттық сезімі мен сүйіспеншілігін арттыру, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ат салысулары қажет. Біздің ұлттық тарихымызды, ана тілімізді, салт-дәстүрлерімізді сіңіруге барынша күш жұмсауға тиіс.

Leave a reply