САРЫАҒАШТЫҚ ТҰРҒЫНДАР «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫМЕН ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДА

0
74

Түркістан облысы «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырудан көш бастап тұр. Өзге мемлекеттік бағдарламалар мен бизнеске арналған жеңілдіктер де тиімді қолданылуда. Сарыағаш ауданында да жүйелі жұмыс жүруде.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алып, қаржылай қолдау тауып, шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтардың кәсібімен танысты.
Алдымен аудан басшысы мемлекеттік грант алып, сүт өнімдерін саудалаумен айналысып жатқан Құркелес ауылдық округінің тұрғыны Құндыз Иргашеваның жұмысымен танысты. Көпбалалы ана сүт өнімдерін дамытуды мақсат тұтып, ағымдағы жылдың маусым айында мемлекеттік грант алып, асыл тұқымды түйе сатып алған. Бүгінде үй іргесінде шұбат сатып, кәсібін дөңгелетуде.

Содан соң, аудан басшысы «Ауыл аманаты» жобасы аясында мемлекеттен 2,5 пайыздық несие алған аталған ауылдық округ тұрғыны Фарид Рахманкуловтың жылыжай шаруашылығымен танысты. Танысу барысында жеке кәсіпкер аудан басшысына жылыжайдағы жұмыс барысын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жұмыс барысын көзден кешірген Арман Абдуллаев жеке кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
– Ауыл шаруашылық өнімдері – тұрғындардың басты азығы. Аудан тұрғындарын ауыл шаруашылық өнімдерімен толығымен өзіміз қамтуымыз керек. Мемлекет қолдауы жылдан-жылға артып келеді. Мүмкіндікті дұрыс пайдалану арқылы, қожалықты үлкен мекемеге айналдыруға болады. Бұл бағытта жұмыстарыңызды тоқтатпаңыздар, – деді аудан басшысы.

Айта кетсек, жеке кәсіпкер Ф. Рахманкулов өзінің шаруашылығындағы 1,70 га жер телімінде жылыжай тұрғызып, көкөніс өсірумен айналысуда. Қазіргі таңда қияр егіп, жылыжайдан жылына 2-3 өнім алуда.

Leave a reply