ЖЕТІСАЙ: АСЫҚАТА АУЫЛЫНДА 54 ПӘТЕР БОЙ КӨТЕРЕДІ

0
78

Биылғы жылдың басынан бері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 60 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысын тәмамдап, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табыстаған Жетісай ауданында «BinazarGroup» ЖШС басшысы Берік Кембилдің өз қаржысы есебінен тағы 54 пәтерлі 2 үйдің қабырғасы қалануда. Құрылыста қолданылып жатқан материалдар түгелдей дерлік отандық өнім. Сапасы да тиісті мамандар мен жергілікті әкімдік тарапынан қатаң бақылауда. Өйткені, аталмыш 2 үйдің құрылысы аяқталған соң 54 пәтерді аудан әкімдігі сатып алып, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, халықтың осал тобынан жасақталғандар, бюджеттік немесе мемлекеттік қызметшілер, көпбалалы отбасылар тізімі бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандарға теңдей бөліп беретін болады.

Жұмыс жоспарына сәйкес аудан басшысы Серік Үсенұлы Мамытов Асықата кентіндегі құрылысы жүргізіліп жатқан көппәтерлі тұрғын үйде болды. Мердігер мекеме басшыларымен тілдесіп, бөлмелерін аралап көрді. Өзгертілуі және толықтырылуы тиіс жұмыстарды айтып, құрылыс сапасына қатаң мән беру керектігін тапсырды.

Кеңстік дәуірде өндірістік база болған аумағы 0,41 гектар жер учаскесі соңғы 5 жылда қараусыз қалған. Биылғы жылдың сәуір айында қазығы қағылып, қыркүйек айында толығымен аяқталады деп жоспарланып отырған құрылыс жұмыстарының жалпы құны 842 млн теңгені құрайды. Тұрғын үй алаңында балалардың ойын алаңшалары мен спорт-воркоут, автотұрақтар да қоса салынатын болады.
Айта кетейік, 4911 адам тұрғын үй кезегінде тұратын ауданда жыл соңына дейін сатып алу құқығынсыз тағы 150-ге тарта арендалық тұрғын үй тапсыру жоспарланып отыр.

Leave a reply