ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТЕРДІҢ» ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТЫ НАЗАРДА

0
49

Ұлттық жоба аясында Түркістан облысында 49 мың оқушыны қамтитын 63 «Жайлы мектеп» салынады деп жоспарланған. Түркістан қаласының Жаңа қала аумағындағы 42-ші көшеде салынып жатқан заманауи білім ұясының құрылысы өткен жылы басталған нысандардың бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырған болатын. Президент айтқан жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спорт залдарымен жабдықталуы тиіс. Бастауыш және орта сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылады.

Түркістан қаласына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Абдиев арнайы жұмыс сапарымен келді. Облыс орталығында құрылысы жүріп жатқан 2000 орындық «Жайлы мектеп» алаңына барып, құрылыс жұмыстарының деңгейін бақылады. Аталған нысанның құрылыс сапасын тексеру үшін Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев бастаған жергілікті халық қалаулылары да қатысты.

Бой көтеріп жатқан нысанның атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде мердігер компания «Каратас Майнинг» ЖШС-і жауапты өкілі баяндады. Партиялық бақылауға алынған нысан 4 қабатты. Құны 8 млрд теңгені құрайтын ғимараттың жалпы ауданы – 20 147 шаршы метр, ал аумағы 4 гектар. Өткен жылдың қыркүйек айында құрылысы басталған мектепті биыл қараша айында пайдалануға беру көзделіп отыр. Дәл қазір қас беттерін әрлеу, спорт залды сырлау және ішкі жұмыстар атқарылып, аула реттеліп жатыр. Мектептің мейлінше тез, сапалы бітуіне 170-ке жуық құрылыс маманы жұмылуда.

Leave a reply