ОТЫРАР МЕН АРЫСТАҒЫ БІЛІМ НЫСАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Биыл Отырар ауданда 6 мектеп, 3 балабақшаға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, облыстық бюджеттен қаржы қаралған болатын. Отырарда жұмыс күшінен мәселе бар. Аудан әкімінің орынбасарына ауылдан жұмысшылар ұйымдастыруға тапсырма берілді Түркістан өңірінің білім нысандарында жаңа оқу жылына қызу дайындық жүріп жатыр. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Отырар ауданы мен Арыс қаласына жұмыс сапарымен барды. Іссапар аясында мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекемелердің құрылыс жұмыстарын тексерді.
Арыс қаласының білім бөліміне қарасты мектепке дейінгі 59 ұйым бар. Оның ішінде 10 балабақша мемлекеттік болса, қалған 49 балабақша жекеменшік. Онда 5841 бала тәрбиеленуде. Қала орталығындағы «Айгөлек», Қожатоғай ауылындағы «Саяжан» және Байтоғай елді мекеніндегі «Ақкөгершін» балабақшасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы құрылыс жұмыстарына ауыл адамдары тартылған. Ең алдымен Ақдала ауылдық округіндегі С.Ерубаев атындағы жалпы білім беретін орта мектепке ат басын бұрды. Мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде. 800 орынға лайықталған білім ордасында 951 оқушы білім алуда. Қауіпсіздік үшін мектеп аумағы қоршалған. Ішкі және сыртқы 16 бейнебақылау камерасымен, ішкі әжетханамен жабдықталған.
Ал Темір ауыл округінен бастаған облыс әкімінің орынбасары Темір жалпы білім беретін мектебінің жай-күйімен танысты. Білім ұясы 1979 жылы салынған. 874 орындық мектепте 789 оқушы білім алады. Мердігер мекеме ретінде «А-ІІІ GROUP» ЖШС-і анықталған. Ғимараттың ішкі қабырғаларын қайта түсіріп сылау, әрлеу жұмыстары, сынып бөлмелерінің едендерін линолиум төсеу, коридордың едендерін кафелдеу, электр жүйелерін ауыстыру, есік терезе көздерін ауыстыру жоспарланған. Қазіргі таңда демонтаж жұмыстары жүргізілуде.