Saturday, November 23

“ТАЗА ҚАЗАҚСТАН”: АРЫСТА «ҮЛГІЛІ ҮЙ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

0
89

Арыс қаласының тұрғындары арасында экомәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» шарасы аясында «Үлгілі үй», «Үлгілі аула», «Үлгілі көше», «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі кіреберіс» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқау қаланың көркін арттырып, тұрғындар арасында көріктендіру және тазалыққа деген жауапкершілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылған болатын.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова үздік деп танылған үй иелері мен көше белсенділеріне қаржылай сыйлықтар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Әкім өз сөзінде қаланың күннен-күнге көркейіп келе жатқанын, және бұған әрбір тұрғынның үлесі бар екенін ерекше атап өтті.

Марапаттау рәсімінде жеңімпаздар өз жетістіктерін бөлісіп, болашақта да қаланы көркейтуге өз үлестерін қосуға уәде берді. Бүгінгі таңда Түркістан облысы ПД-нің аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері белгіленбеген жерлерде қоқыс шығару фактілерін анықтау, полигондардан тыс сұйық қалдықтардың төгілуін болдырмау, абаттандыру ережелерін бұзудың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар
“Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 14315 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Абаттандыру ережелерін бұзғаны және жасыл желектерді бүлдіргені үшін 5337 адамға ескерту жасалды, ал 230 адамға қатысты айыппұл салынды. Жолдардың, теміржол өтпелерінің және басқа да жол құрылыстарының зақымдану фактісі бойынша 3777 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, «Үлгілі үй» байқауын жылдағы дәстүрге сай келесі жылы да өткізу жоспарлануда.

Leave a reply