«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ТҮРКІСТАНДА ЭКОБЕЛСЕНДІЛЕР ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА ЖҰМЫЛА КІРІСКЕН

0
51

Түркістанда 400 адамның қатысуымен тазалық шарасы өтті. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен сенбілікке 13 техника жұмылдырылды. Әмір Темір, Төле би, С.Қожанов, О.Жандосов, С.Ерубаев көшелері мен Тәуке хан даңғылының бойындағы күл-қоқыстар шығарылып, қураған шөптер тазартылды. Ағаштарды әктеу, сырлау жұмыстары жүргізілді.

Қала әкімі бекіткен кестеге сәйкес, тазалық шарасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Облыс орталығы аумағындағы кәсіпкерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар шаһар жұмысына белсенді үлесін қосуда.

Сенбілікке әжесімен бірге келген қаланың кішкентай 6 жасар тұрғыны Кәусар Әзизханқызы да тазалық жұмыстарына атсалысып, үлкендерге қолғабыс етті. Енді ғана мектеп табалдырығын аттаған қыздың әжесі Гүлнәр Дулатбекованың сөзінше, баланы тазалыққа үйрету – бүлдіршін кезінен басталуы тиіс. Тәрбие – тал бесіктен басталатындықтан әрбір ата-ана балаларын табиғатты қорғауға, қоршаған ортасын таза ұстауға бағыттауы қажет дейді. Сенбілік тек тазалық үшін ғана емес денсаулыққа да өте пайдалы физикалық қозғалыс екендігін алға тартты.

Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таза Қазақстан» акциясы науқандық емес, тұрақты дағдыға айналатын бастама екенін айтқан болатын.

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы өте жоғары деңгейде жалғасып жатыр. Үш апта көлемінде мыңдаған көшет отырғызылып, елді мекендер мен көшелер тазаланды. «Киелі мекен» апталығында қасиетті орындар мен ескерткіштер маңы тазаланып, туристік нысандардың ажары ашыла түсті.

Leave a reply