ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ: ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНА МОБИЛЬДІ РЕАБИЛИТАЦИЯЛЫҚ КЕШЕН СЫЙҒА ТАРТЫЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ерекше күтімді қажет ететін және қиын тұрмыстық жағдайында қалған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға ерекше назар аударудың қажеттілігін айтып, бірқатар нақты тапсырмалар да берген болатын.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың жеке қабылдауында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Үміт ұясы» күндіз болу орталығында ем қабылдаушы мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан түскен өтініштер негізінде «САБИ» қайырымдылық қорының демеушілігімен құны 3 млн теңге болатын «Экзороллер» мобильді реабилитациялық кешені сыйға тартылды.
БЦП мен ми, жұлын жарақаттары, параплегия мен бұлшықет дистрофиясы, Ретт синдромы секілді тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалтудың тиімді құралы саналатын «Экзороллер» аппаратына деген қажеттілікті көтергендердің алғашқысы орталықта қызмет алушы Арафат Шаймерденнің анасы Айжан Егізбаева болды. Өйткені, бірнеше рет жүргізілген медициналық тексерулер өздігінен жүріп-тұра алмайтын ұлына аталмыш аппараттың тиімділігін көрсеткен.
«2018 жылы жұмысын бастаған орталықтың 10-нан астам қызмет алушысы бүгінде өздігінен жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болып, мектеп табалдырығын аттағандары да бар. Мүгедектігі бар балалар және психологиялық мүгедектігі бар балаларды жалғыз қалдырмай мүмкіндігінше оларға жақындарының көмегін, айналасындағылардың тұрақты байланысын қамтамасыз етіп отырмыз. Балалардың ата-анасы, туыстары психолог мамандарымызбен тығыз байланыста болып, баланың қалыпты дамуына ықпал етіп келеді» дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Райымбеков.
Бүгінде «Үміт ұясы» күндіз болу орталығында балалардың жасына қарай ыңғайластырылып жабдықталған ойын, демалу, қабылдау бөлмелері мен балалардың антропометриялық өлшеулерін анықтайтын құралдар, сауықтыруға арналған медициналық заманауи кабинеттер жұмыс істейді. Қызмет алушыларға жан-жақты көмек көрсетуге жауапты психолог, логопед, дефектолог, дене шынықтыру және музыка мұғалімдері, емдік дене шынықтыру мен емдік терапия жөніндегі нұсқаушылар, массаж жасау жөніндегі мейіраға мен мейірбике, тәрбиешілер қызмет көрсетеді.