ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА ӨТКЕН СЕНБІЛІККЕ 2000 АДАМ ҚАТЫСТЫ

0
34

ҚР Конституциясы күні мерекесі қарсаңында Кентау қаласының тұрғындары жаппай сенбілікке шығып, қаланы күл-қоқыстан тазартты. Қала әкімі Жандос Тасовтың тапсырмасына сәйкес, қаланың 6 аймағында сенбілік шарасы ұйымдастырылды. Оған қала кәсіпкерлері, төтенше жағдай қызметкерлері, қалалық емхана және аурухана қызметкерлері, білім бөліміне қарасты мекемелер, барлық қала әкімдігіне қарасты сала қызметкерлерінен құралған 2000- ға жуық адам жұмылдырылды.

Жалпы Түркістан облысындағы аудан, қалаларда наурыз айынан бері жалпы 300-ден астам ауқымды тазалық іс-шаралары өткізілген. Өткен аптаның ішінде өңірдегі барлық аудандардағы 32 елді мекенде ауқымды сенбіліктер өткізілген. Оған 4 мыңнан астам тұрғын мен қоғамдық жұмысшылар тартылды. Бір аптада 85 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар «Конституция күні» мерекесіне орай облыс көлемінде ұйымдастырылған ауқымды сенбілік жұмыстарына 10 000-нан астам тұрғын қатысты. 136 техника тартылып, 460 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сондай-ақ Сарыағаш аудандағы «Жібек жолы» кеден бекеті маңындағы тазалық шаралары жалғасады.

Тазалық шарасы қаладағы Кеншілер саябағында, Д.Қонаев даңғылы, Кентауға кірер тас жол бойы, Т.Рыскұлов көшесі, Спорт мектептері, мектеп және балабақша мекемелерінің аулаларында өткізілді.
Қаланың тазалығын сақтауға, таза қала бейнесін қалыптастыруда кентаулықтар үздіксіз атсалысып келеді. Алдағы уақытта қала көлемінде мұндай шаралар жалғасады.

Leave a reply