ТҮЛКІБАСТАҒЫ МАШАТ АУЫЛЫНДА АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ ТОЛЫҚ ЖАҢАРТЫЛУДА

0
24

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап аталған елді мекенге 32 шақырым жаңа су құбырын тарту жұмыстары басталып, 2 дана 300 кубтық су жинағыш орынның құрылысы жүруде. Құрылыс жұмыстары аяқталған жағдайда 357 абонентке тәулігіне 24 сағат сапалы ауыз су беріледі деп күтілуде.

Осыған дейін Мемлекет басшысы 2025 жылы өңіріміздегі елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту міндетін жүктеді. Ауыз су – ең маңызды және бірінші мәселе деген болатын.

Аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов Машат ауылына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылады. Ауыл белсенділерімен бірге нысанның басында жауапты мердігермен кездесіп, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытында аяқталуын тапсырды. Машат ауылында ауыз су жүйесі аймақтағы өзекті мәселенің бірі саналады. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынып, өз шешімін тауып келеді.

Сондай-ақ Азаттық елді мекенінің ақсақалдарымен су жүйесіне қатысты көтерген біршама кемшіліктерді тез арада ретке келтіру бойынша жауапты бөлімге нақты тапсырма жүктелді.

Оған қоса су қысымы жетпей тұрған көшелерге қосымша ұнғыма қазу жұмыстары жүргізіліп, істен шыққан су реттегіш құрылғылары жаңартылмақ.

Жалпы Түркістан облысында ауыз су саласына 2023 жылы 70 нысанның құрылысына бюджеттен 18,6 млрд. теңге бөлініп, 36 нысан құрылысы аяқталды, қалған 34 нысан 2024 жылға өтпелі болды. Нәтижесінде 20 елді мекен ауыз сумен қамтылды, 9 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылды. Сонымен қатар 3 елді мекенде (Сарыағаш, Төлеби, Қазығұрт) су тазалау имараты мен су жинау қоймасы, 15 мөлтек ауданда су құбырлары салынды. 2023 жылдың қорытындысымен, 800-ден астам елді мекеннің 739-ы (7 қала, 732 ауылдық елді мекен) немесе 89,1% ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Leave a reply