Пятница, 20 сентября

БИЫЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 29 ЕЛДІ МЕКЕН АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

0
19

Түркістан облысында елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аталған мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде кезекті рет талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды ауыз сумен қамтудың маңыздылығына тоқталып, құрылысы созбалаңға салынған нысандар бойынша аудан, қала әкімдерімен жауапты басқарма басшысына нақты тапсырма берді. Жұмысты дұрыс атқармаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарауды тапсырды.

Түркістан облысында 807 елді мекеннің 737-сі ауыз сумен қамтамасыз етілген. Республикалық көрсеткішке сәйкес, өңірдің қалалары 100 пайыз, елді мекендер 97,3 пайызға ауыз сумен қамтылған. Биыл ауыз сумен қамту бойынша 63 жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 15,7 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде, 34 нысан ағымдағы жылы пайдалануға берілсе, қалған 29 елді нысан 2025 жылға өтпелі.
Жыл қорытындысымен 29 елді мекендегі 15 мыңға жуық халық ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Бұл елді мекендерді 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2024 жылы 50 елді мекен 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қалған, 133 елді мекенді 2025-2027 жылдары аралығында тәулік бойы ауыз сумен қамту жоспарлануда.

Мемлекет басшысы 2025 жылдың қорытындысымен өңіріміздегі елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Ауыз су – ең маңызды және бірінші мәселе. Сондықтан әрбір жобаның барысына жауапкершілікпен қарау керек. Сондай-ақ нысандардың құрылысына жауапты тапсырыс берушілер мен мердігерлердің жұмысын қадағалау керек. Әрбір су нысаны сапалы, әрі уақтылы тапсырылуы тиіс. Ауыз сумен қамту бойынша жаңа тәсілдер, гидрогеологиялық ізденістер, жан-жақты зерттеулер жүргізу қажет. Тапсырысты уақтылы орындамай, ауыз суды кешіктірген мердігерлермен заң аясында жұмыс жүргізіңіздер. Бұл мәселе қатаң бақылауда тұр, – деді Дархан Сатыбалды.

Leave a reply