«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ОРДАБАСЫДА АРДАГЕРЛЕР МЕН ЖАСТАР СЕНБІЛІККЕ ШЫҚТЫ

0
32

Республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» акциясы Түркістан облысында қарқынды жүруде. Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында орталық саябақта ардагерлер мен жастардың қатысуымен сенбілік өтті. Аталған шараға аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков арнайы қатысып, аудан орталығының жасыл желекке айналуына үлестерін қосты.

Жастар саябақтағы Ардагерлер аллеясында тазалық жұмыстарын жүргізіп, “«Даңқ» мемориалының,«Желтоқсаншылар» мен Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштің айналасын ретке келтірді. Өз кезегінде ардагерлер ағаштарды әктеп, жас көшеттердің түбін аударды.
Сенбілікке мемлекеттік қызметкерлер де қатысып, саябақ ішіндегі каналдың айналасында санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізді.

Шара барысында аудан әкімі сөз алып, бұл бір күндік немесе бір айлық емес, жыл бойына жалғасатын тірлік екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ аудан көлемінде жүргізіліп жатқан сенбіліктерге тұрғындарды да белсене қатысуға шақырды.

Облыста экологиялық бағытта 4 үкіметтік емес ұйым жұмыс жасайды. «Өгем» қоғамдық бірлестігін тарапынан табиғи аймақты сақтап қалу мақсатында экоагротуризмді дамыту бойынша жаңа жоба іске асуда. Аталған жоба өңірге келген туристерге «жасыл» технологияларды күнделікті өмірге ендіру бойынша шебер-сыныптар көрсетіліп, демоучаскелерде 16 саяхат жүргізілді. Табиғи жолмен энергия көзін ашып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар шаралар атқарылды. «Өгем», «ЭКО-Атамекен» қоғамдық бірлестіктері Сайрам-Өгем, Қаратау қорықтарындағы табиғатты қорғау мақсатында 7 экоакция өткізіп, жергілікті тұрғындар мен туристердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруда үлесі ерекше болды.

Алдағы уақытта «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы» АҚ арқылы Түркістан облысы аймағында орналасқан ақылы автожолдардың бақылау бекеттерінен өткен автокөлік иелеріне «Құрметті жол жүргізуші, тазалық сақтап, жол бойында қоқыс тастамауларыңызды сұраймыз! Бұл – біздің Қазақстан, бұл – Таза Қазақстан!» мәтінді SMS-хабарламаларды жіберу жоспарлануда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы бастау алды. Бұл өз кезегінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жалғасы болып табылады.

Leave a reply