“ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ДРАЙВЕРІ” : ӨҢІРДЕГІ ӨНДІРІС АЙМАҚТАРЫНДА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ АШЫЛУДА

0
34

Жалпы, бүгінгі таңда күнгей өлкеде тоғыз бірдей индустриалды аймақ бар екен. Олар облыс орталығында, Кентау шаһары мен Созақ, Ордабасы, Мақтаарал, Қазығұрт, Шардара, Түлкібас және Бәйдібек аудандарында орын тепкен. Қазіргі уақытта аталған аймақтардағы индустриалды аймақтардың жалпы аумағы – 544 гектарға жетіпті. Ал, осы аймақтарда жалпы құны 4676 миллиард теңгеге жуықтайтын 67 жоба іске асырылып жатса, аталған жобалар аясында 3700-ге тарта жаңа жұмыс орны жасақталған екен. Қазір оның арасындағы 44 жоба жүзеге асырылып, жұмыстар жүргізіліп жатса, қалған 23 жобаны 2023-2024 жылдар аралығында іске қосу көзделген.

Осы ретте облыс аумағындағы индустриалды аймақтарда негізінен құрылысқа қажетте жабдықтарды шығаруға айрықша көңіл бөлінгенін атап өткеніміз жөн. Мәселен, қазір облыс орталығы – Түркістандағы өндіріс орындарында кірпіш, темірбетон, асфальтты бетон, шлакоблок, брусчатка және спорттық алаңшаларды қоршауға арналған торлар шығарылып жатыр. Сәйкесінше, бұл өнімдер Түркістан қаласы өңірдің орталығына айналып, құрылыс-сәулет саласына ден қойылғаннан бастап көпқабатты үйлер мен басқа да жаңа нысандарды тұрғызуға көптеп қолданылуда. Демек, Түркістан қаласындағы құрылысты керекті материалдармен қамтып отырған индустриалды аймақтағы жергілікті өндіріс орындары қаланың түрленіп, жергілікті бюджеттің ахуалын көтеруге атсалысып жатыр деген сөз.

Түркістан облысындағы индустриалды аймақтарда кәсіпкерлерге арналған дайын өндіріс алаңдары да қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, индустриалды аймақта өз ісін жүргізуге ниетті кәсіпкерлер өз идеяларын іске асыру үшін ғимарат салып, уақыт жоғалтпайды. Сәйкесінше, біз сөз етіп отырған дайын алаңдарды жалға алуға, сатып алуға және берешекті бөліп төлеуге болады. Мәселен, қазір облыс орталығындағы индустриалды аймақта осындай 2 дайын өндіріс алаңы жасақталған. Бұл жерлерде жақын арада қазақ-қытай және қазақ-өзбек ынтымақтастықтары шеңберінде лабораториялық жиһаздар дайындау және шұлық өндіретін кәсіпорындар жұмысын бастамақ. Одан бөлек, Түркістандағы халықаралық әуежайға апаратын тасжол бойында да жаңадан 11 дайын өндіріс алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталмыш жоба 2023 жылдың қазан-қараша айларында аяқталады деп кһзделіп отыр.

Осы ретте, Индустриалды аймақта кәсібін бастаймын деген азаматтар үшін газ, электр энергиясы, су сынды инфрақұрылым жүйелері аймақ тарапынан жүргізілетінін де айта кету керек. Сәйкесінше, қазіргі уақытта жалпы индустриалды аймақтарда мақта, ауыз сулар, жылдам дайындалатын тағамдар, шырынды сусындар, текстиль өнімдері, құрылыс жабдықтары және басқа да өнімдер шығарылуда. Олардың арасында Қытай, Өзбекстан, Ресей сынды шет мемлекеттерге, тіпті Еуропа елдеріне экспортталып жатқан өнімдер де бар екен.

Leave a reply