ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА 7 ЖЫЛ БОЙЫ ТАРТЫЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 4,2 ЕСЕГЕ АРТҚАН

0
42

Түркістан облысы — инвестицияға тартымды аймақ. Өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, шетелдік ірі инвесторлармен белсенді ынтымақтастық орнатылуда. Жыл басынан Түркістан облысының экономикасына тартылған инвестиция көлемі 7 жылда 4,2 есеге артып, 1335,0 млрд.теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 314,1 млрд. теңгені құраған болатын. Ал жыл басынан бері аймаққа 387,8 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде, жеке инвестиция көлемі 199,3 млрд.теңге болса, бюджеттік инвестиция – 128,7 млрд. теңге. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 144,2 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 245%-ға артығымен орындалды.

Облыста инвестиция көлемі тұрақты өсуде. 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,3 трлн. теңгеге 110 инвестициялық жобаның пулы қалыптасты. Нәтижесінде, 19 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Жалпы құны 321,8 млрд. теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде, 6 908 жаңа жұмыс орнын ашылмақ. Түркістан облысында бизнес форумдар тұрақты түрде ұйымдастырылып, өңірдің инвестициялық әлеуеті жан-жақты таныстырылуда. Сонымен қатар шетелдерге ресми сапарлар арқылы маңызды жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде. Соның нақты нәтижесі ретінде Созақ ауданында фосфорит кенін өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. Жобаның құны – 140 млрд теңге. Қуаты – жылына 1,6 млн тонна. 1 000 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жақында Түркістан облысы делегациясының Қытайға жасаған сапары барысында туризм, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша бірқатар келісім жасалды. Сондай-ақ Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» ІІ форумында қытайлық инвесторлармен 5 ірі жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қойылды.

Бұл бастамалар – өңірдің тұрақты дамуына серпін беретін нақты қадамдар. Өңірде бір жылдың ішінде тағы 5 индустриалды аймақ құрылды. Түркістан облысында өнеркәсіптік әлеуетті дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тұрақты бақылауында. Аталған мәселе төңірегінде облыс тұрғындарының назарына атқарылған жұмыстар жайында мәлімет ұсынамыз. Осы мақсатта қазіргі таңда облыс аумағында жалпы саны 14 индустриалды аймақ құрылған. 2025 жылы олардың қатарына жалпы көлемі 744 гектарды құрайтын тағы бес жаңа аймақ қосылды. Атап айтқанда: «Жетісай» индустриалды аймағы – 59 гектар, «Отырар» индустриалды аймағы – 85 гектар, «Арыс» индустриалды аймағы – 30 гектар, «Қарамұрт» индустриалды аймағы – 523,9 гектар, «Шардара-2» индустриалды аймағы – 46,1 гектар.

Аталған аймақтарда жалпы құны 129 млрд теңге болатын 84 жоба іске асырылмақ. Биылдың өзінде құны 49,7 млрд теңге болатын 17 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Төлеби ауданында жаңа индустриалды аймақ ашу, ал Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданындағы екі аймақты кеңейту жұмыстары қолға алынған. Сауран ауданында «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы сәтті іске асырылуда. Бұл жоба аясында 152 өндірістік ғимарат салу және 308 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. Нәтижесінде 6 040 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда 11 ғимарат пайдалануға беріліп, 790 жұмыс орны ашылды. Биыл салынатын 29 ғимараттың 90%-ының құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылмақ. Жобаның бірінші кезеңі аяқталған соң, жалпы саны 2 000-нан астам жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Бұл кезең аясында 136,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 37 жоба жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, Қытайдың жетекші компаниясымен келісім жасалып, өнеркәсіптік парк аумағында ауыл шаруашылығына арналған дрон шығаратын зауыт салу жоспарлануда. Жобаның құны – 5 млн АҚШ доллары, ал өндірістік қуаттылығы – айына 600 дана. Парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытты іске қосты. Жобаның жалпы құны – 60 млн еуро. Зауыт толық қуатына шыққанда жылына 140 мың дана тоңазытқыш өндіру көзделіп отыр. «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, бұл тәжірибені облыстың басқа да аудандарында енгізу жұмыстары басталды. Атап айтқанда, Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас, Сайрам және Сарыағаш аудандарында жобалар қолға алынуда.

Сәуір айында Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркінің құрылысы басталды. Бұл жерде қазірдің өзінде 5 өндіріс орнын ашуға кәсіпкерлер қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында орналасқан «Қазығұрт» индустриалды аймағында 4,9 млрд теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, 249 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінде индустриалды аймақта жалпы құны 2,2 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылып, 123 жаңа жұмыс орны ашылды. Одан бөлек, жаңа өндіріс орындарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барып, «Қазығұрт» индустриалды аймағын аралады. Жаңа жобалармен танысып, жұмысты пысықтады. Жауапты тұлғаларға тың жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар тарту керек екенін айтып, жұмысты одан әрі жандандыруды тапсырды.

Қазіргі уақытта «Билол» ЖК тарапынан 3 гектар аумақта болат шарларын өндіретін зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаның жылдық қуаттылығы – 5000-6000 тонна. Зауыттың құрылысы 80% аяқталып, құрал-жабдықтары орналастырылуда. Сонымен қатар биылғы мамыр айында 2 жобаның құрылысы басталды. Нақтырақ айтқанда, «TIMUR.LES» ЖШС жиһаз, жұмсақ полиуретанды көбік және бағдарланған бөлшектер тақтасын шығаратын зауыт салуды қолға алды. Зауыт іске қосылғанда жылына 10 мың дана жиһаз өндіру жоспарлануда. Сондай-ақ, «AGRO irrigation» ЖШС су үнемдеуге арналған полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт салмақ. Инвестиция құны 1,2 млрд теңгені құрайтын жобаның жылдың қуаттылығы – 10 000 тонна. Қазіргі уақытта кәсіпорындар салуға қажетті жер телімдері рәсімделіп, инвесторлар зауыттардың құрылыс жұмыстарына кіріскен. «Сапа 2002» ЖШС 150 гектар жерге жаңбырлатып суғару жүйесін ендіру жұмыстарын жүргізуде.

 

Leave a reply