Сүйікті іс – тұрақты табыс көзі

0
24

Қазіргі таңда ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту – елдегі әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі. Осы орайда жүзеге асып жатқан мемлекеттік жобалар көптеген азаматтарға өз кәсібін табуға, тұрақты табысқа қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Соның айғағы ретінде Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы «Севинч» жеке кәсіпкерлігінде еңбек етіп жүрген Курбанова Дилфузаны мысалға келтіруге болады.

Дилфуза «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасы аясында осы кәсіпорынға жұмысқа жолданып, бүгінде қыз жасау, көрпе-төсек, құрақ көрпеше тігу сынды ұлттық қолөнермен айналысуда. Ол бұл іске бар ықыласымен кірісіп, жұмысын шын жүректен атқарып келеді.

«Шағын цехтағы жұмысым көңілімнен шығады. Уақыты да ыңғайлы, үйге жақын орналасқан. Сүйікті ісіммен айналысып, бір мезгілде үй шаруасына да уақыт табамын. Отбасым да разы», – дейді Дилфуза.

Мемлекеттік қолдау арқылы ашылған осындай жобалар тек жұмыссыз азаматтарды ғана емес, сонымен қатар ауылдағы кәсіпкерлікті де дамытуға жол ашуда. Өйткені шағын цехтардың өміршеңдігі – жергілікті халықтың белсенділігі мен қолөнерге деген сүйіспеншілігінің айғағы.

Дилфуза сынды еңбекқор жандардың үлгісі – жұмыс істеуге ниеті бар әрбір адамға мотивация. Тұрақты табыс көзі мен ыңғайлы жұмыс кестесі – қазіргі заманның басты қажеттілігіне айналды. Ал мұндай мүмкіндікке ие болу – мемлекет пен азаматтың бірлескен әрекетінің жемісі.

Осы сынды әлеуметтік жобалар арқылы талай жанға жаңа мүмкіндіктер ашылып, ауылдағы кәсіпкерлік те қарқынды дамып келеді.

Leave a reply