Әділ еңбекпен үлгі болған мұғалім

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасы әрбір азаматтың қоғамға адал еңбекпен қызмет етуі, кәсібилік пен әділдік танытуы керектігін айқындайды. Міне, осы қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырып, 36 жыл бойы жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан Шахабаев Шекербек Саттарұлы – ұстаздық пен адал еңбектің жарқын үлгісі.
1965 жылы 14 қаңтарда дүниеге келген Шекербек Саттарұлы Өзбекстан Республикасы, Жызақ Мемлекеттік Педагогикалық институтын бітірген соң, өз білімін жастарға арнауды басты мақсат етіп таңдады. Ол З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінде математика пәнінің мұғалімі болып 36 жыл қызмет атқарып, шәкірттерін тек пән бойынша ғана емес, өмірлік мәселелерде де бағыттай білді. Оның оқушылары республикалық олимпиадалар мен «Байтерек» зияткерлік олимпиадаларының жеңімпаздары атанып, ұстазының кәсіби шеберлігін мойындады.
Шекербек Саттарұлының еңбегі бірнеше мәрте марапаттармен бағаланды. 2011 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл мерекелік медалімен, 2025 жылы Конституцияға 30 жыл мерекелік медалімен марапатталды. 2024 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, 2020 жылы «Педагогикалық еңбектер» және «Үздік педагог олимпиадасы-2020» республикалық байқауларының дипломдарымен марапатталды. Сонымен қатар, «Asyl ustaz» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік ашық сабақ» байқауының жеңімпазы атанып, DARYN.ONLINE мен Qaztest.kz платформаларының олимпиадаларында жүлделі орындарға ие болды. 2021 жылы халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен «Жаңашыл мұғалім-2021» республикалық олимпиадасында да өз кәсіби шеберлігін танытты.
Шекербек Саттарұлы үшін ұстаздық – тек мамандық емес, өмірлік миссия. Ол әр сабақта оқушының қабілетін ашуға, математикалық ойлау мен логикалық шешім қабылдау дағдыларын дамытуға барынша назар аударады. Ұстаз шәкірттеріне біліммен бірге адалдықты, еңбекқорлықты және жауапкершілікті үйретеді.
Оның еңбегі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, адал азаматтықтың нақты көрінісі. Шахабаев Шекербек Саттарұлының өмірлік миссиясы – білім саласына адал қызмет етіп, өскелең ұрпаққа үлгі болып, елдің болашағына сенімді із қалдыру. Мұндай ұстаздар – қоғамға тірек, ұлттық білім мен тәрбиеге үлгі, болашаққа сенімнің кепілі болып қала береді.













