ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БАЛЫҚ ӨНДІРУДЕН КӨШ БАСТАП ТҰР

0
26

Мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізуде. Облыста жасанды жолмен балық өсіру саласының әлеуеті өте жоғары. Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсірумен 154 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Осы ретте Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы баспасөз турын ұйымдастырды.

Түркістан облысында 2021-2030 жылдарға арналған «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, ал биыл 6640 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Осы ретте облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында облыстың аудан, қала аумағынан балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жоспары бекітіліп, балық өсіру шаруашылығы санын 126-дан 217-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.

Бағдарламада бекітілген тауарлы балық өндіру көлеміне қол жеткізу мақсатында 2023-2025 жылдары аудан, қала әкімдіктері кесіндісінде жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу жоспарланған. Ал акваөсіру бойынша биыл жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия беріліп, қаржы толық игерілді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға Республикалық бюджеттен 226,0 млн. теңге қарастырылған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген.

Шардара ауданындағы келесі нысан – Қоссейіт ауылдық округіндегі «Ахмет» балық шаруа қожалығы. Мұнда табиғи және шарбақта үш түрлі балық өсіріледі. Кәсіпкердің жеке инвестициялық салымдары есебінен ашылған «Ахмет» шаруа қожалығы 2020 жылы іске қосылған. Аумағы 56 гектар жерді құрайды. Қуаттылығы – жылына 60 тонна. 6 метр тереңдіктегі шарбақта өсірілген балықтар жергілікті халықтың сұранысына ие.

«Ахмет» шаруа қожалығының басшысы Мұхтар Бәкарыстанәлінің айтуынша, мемлекет тарапынан былтыр 29 млн. теңге берілген. Кәсіпкер тұқы, сазан, ақ амур басқа алдағы уақытта көксерке, ақмарқа, дөңмаңдай секілді балық түрлерін қосуды жоспарлауда.
Айта кетейік, 2023-2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізілуде. Олар Шардара (ЖК «Жалғасбаев Т») және Отырар ауданында («Созақ балық өнімдері» АӨК) ашылмақ. Бүгінгі таңға дейін барлық аудан, қалаларды аралап, балық шаруашылығын дамытуға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Leave a reply