Халық пен билік арасындағы көпір: шымкенттік азаматтардың мәселелері тыңдалды

Қазақстанда соңғы жылдары «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде бекітіліп отыр. Бұл қағида билік пен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайтып, азаматтардың уәжі мен ұсынысын дер кезінде ескеруге негізделген. Шымкент қаласында өткен «AMANAT» партиясының кезекті қоғамдық қабылдауы осы принциптің нақты іске асқан көріністерінің бірі болды.
Партияның Шымкент қалалық филиалы жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» жобасы аясында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өтті. Отырысқа Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғани Ташқараев жетекшілік етіп, әрбір өтінішті мұқият тыңдап, заң аясында түсіндірме берді.
Қабылдауға келгендердің мәселелері негізінен құқықтық және әлеуметтік сипатта болды. Мәселен, Байтуған көшесінің тұрғыны жеке куәлігіндегі ұлты жөніндегі деректің қате жазылғанын айтып шағымданды. Өзбек ұлтының өкілі бола тұра, құжатында «қазақ» деп көрсетілгенін, бұл деректі түзету үшін бірнеше жылдан бері түрлі мекемеге жүгінгенімен, нәтиже шығара алмағанын жеткізді.
Ғани Ташқараев бұл мәселенің шешу жолдарын заң аясында түсіндіріп, ең алдымен мұрағаттардан тиісті деректерді жинау және уәкілетті органға ресми өтініш беру қажеттігін атап өтті. Бұл жағдай – құқықтық сауаттылықтың маңызын көрсететін мысал. Азамат өз құқығын білмесе, жылдар бойы шешілмей жүрген мәселе мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалуы мүмкін.
Қазына көшесінің зейнеткер тұрғыны болса, көршісінің үйіне кіріп-шығатын жолды жауып тастағанына қатысты арызданды. Бұл – тек тұрмыстық дау ғана емес, азаматтардың бір-бірінің құқығына құрметпен қарауы қаншалықты маңызды екенін көрсететін жағдай.
Комиссия төрағасы мұндай даулардың ең тиімді жолы – өзара келісімге келу екенін айтты. Дегенмен, қажет болған жағдайда заңдық тетіктер де қолданылатыны ескертілді. Бұл – мемлекеттің басты ұстанымына сай, яғни мәселені алдымен диалог арқылы, тек кейін құқықтық жолмен шешу қағидасына дәл келеді.
Жалпы қабылдау барысында әрбір азаматтың өтініші назардан тыс қалған жоқ. Партиялық бақылау комиссиясы әрбір мәселені хаттамаға енгізіп, шешілу барысын бақылауға алатынын мәлімдеді.
Бұл кездесу – азаматтық белсенділіктің нақты мысалы. Өйткені тұрғындар өз мәселесін ашық айтып, жауапты органдармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде қоғамда сенім мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы – тек мемлекеттік аппараттың міндеті ғана емес, әрбір азаматтың құқығын қорғаудағы белсенді ұстанымы. Мұндай қоғамдық қабылдаулар елдегі саяси мәдениетті нығайтып, азаматтар мен билік арасындағы алшақтықты азайтады.












