Қарапайым еңбектің қаһарманы

0
32

Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылында жарық жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне сүбелі үлес қосып жүрген еңбек адамы – Ақтанбеков Әлімбек Нағашбекұлы. 30 жылдан астам уақыт бойы электр желілерімен жұмыс істеп келе жатқан ол — өз ісіне адал, ауылына шын жанашыр азаматтардың бірі.

1975 жылы Ащысай ауылында дүниеге келген Әлімбек Нағашбекұлы орта білімін ауылдағы мектепте тәмамдап, кейін Шымкент қаласында радиоэлектр техникасы бойынша арнайы білім алған. Өз еңбек жолын 1995 жылы Ащысай Полиметалл комбинатында байланыс мамандығынан бастаған. Ал 2007 жылдан бастап «Қазақтелеком» мекемесінде еңбек етіп, 2022 жылдан бері ТОО «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясында электрослесарь қызметін атқаруда. 2024 жылы шебер (мастер) лауазымына тағайындалды.

Ол — ауыл электр жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп отырған басты маман. Әлімбек Нағашбекұлы электр желілерінің техникалық жағдайын бақылап, кез келген ақауды уақытылы жөндеуге барын салады. Бұл – тұрғындардың күнделікті тіршілігі үшін аса маңызды қызмет. Электр жүйесі бұзылған сәтте оның жұмысы түнде де, күнде де тоқтамайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында: «Елдің болашағы – еңбекқор, кәсібіне адал адамдардың қолында» деп атап көрсеткен болатын. Бұл сөздер Әлімбек Нағашбекұлы сияқты қарапайым, бірақ елге шексіз пайдасын тигізіп жүрген мамандарға арналып айтылғандай.

Ол – көпбалалы отбасының тірегі, бес перзенттің әкесі. Қуантары, ұлының бірі әке жолын қуып, осы салада білім алып жатыр. Бұл – отбасындағы еңбек дәстүрінің жалғасып жатқандығының белгісі.

Осындай іскер азаматтардың арқасында ауылдарда жарық сөніп, тұрғындардың тынысы тарылмай, керісінше, өмір сапасы артып келеді. Бұл – бір адамның емес, бүтін бір ауылдың алғысына ие болатын нағыз еңбек.

Ащысайдың аспанын жарық еткен Әлімбектей азаматтар – ел дамуының негізін қалаушылардың бірі. Жанкешті еңбегі мен жауапкершілігі жастарға үлгі, үлкендерге сенім.

Leave a reply