
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау – қарапайым азаматтардың кәсіп бастауына серпін беруде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында: «Шағын және орта бизнесті дамыту – еліміздің экономикалық тұрақтылығының негізі. Әсіресе, еңбекқор, жаңашыл азаматтарға нақты қолдау көрсетілуі тиіс» деп атап өткен болатын. Бұл бағытта беріліп жатқан қайтарымсыз гранттар – өз кәсібін бастауға ниетті азаматтар үшін үлкен мүмкіндік.
Сол мүмкіндікті тиімді пайдалана білген жандардың бірі – Кентау қаласының тумасы Нигора Тоймбетова. Ол 2024 жылдың екінші легінде мемлекеттен қайтарымсыз грант жеңіп алып, өзінің көптен бергі арманы – тігін ісін бастады. Тігінші мамандығы бойынша білім алған Нигора қажетті құрал-жабдықтарын: тігін машинасы, үтік және маталарды сатып алып, кәсібін қолға алған.
Бүгінде ол бір өзі ғана еңбек етіп қоймай, үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кентау қаласымен қатар Байылдыр, Оранғай, Қарнақ ауылдарынан да тапсырыстар түсіп, оның бұйымдарына деген сұраныс артып келеді. Кәсіпкердің айтуынша, басты назар – сапада. Осы ұстанымы арқылы тұтынушылар сенімінен шығып, кәсібін күннен-күнге кеңейтіп келеді.
“Мемлекет берген гранттың арқасында армандаған кәсібімді бастадым. Еңбектеніп, ісімді алға жылжытудамын. Бұл – мен үшін үлкен мүмкіндік,” – дейді Нигора Тоймбетова.
Оның алдағы жоспары – тігін цехын кеңейтіп, қызмет аясын ұлғайту, жұмысшы санын арттыру. Еңбегімен елге үлгі болып жүрген Нигора сияқты азаматтар көбейсе, еліміздің шағын кәсіпкерлік әлеуеті де арта түсері сөзсіз.
Осындай табысты істер еңбек адамына деген құрмет пен мемлекеттің қолдауының нақты көрінісі. Жұмыс орындарын ашып, сапалы қызмет көрсетіп жүрген кәсіпкерлер ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отыр.













