Шымкенттік тұрғындардың әлеуметтік мәселелері шешілді

Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ел мен азамат арасындағы ашық диалогтың негізгі қағидасына айналып келеді. Бұл бағытта «AMANAT» партиясы өңірлерде жүйелі жұмыс жүргізіп, тұрғындардың мәселесін тікелей тыңдап, нақты шешім қабылдауға күш салып отыр.
Шымкент қалалық филиалы жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен кезекті қабылдау – соның айқын көрінісі. «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында мәслихат депутаты, фракция мүшесі Байкен Әшірбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, әрбір өтінішке жеке назар аударды.
Қабылдауға келгендердің дені әлеуметтік жағдайдың ауырлығы мен баспанаға қатысты түйткілдерді көтерді. Мәселен, Достық мөлтек ауданының тұрғыны күнкөрістің қиындығын айтып, табысының отбасын асырауға жетпейтінін жеткізді. Депутат бұл жағдайға бейжай қарамай, өз қаражаты есебінен қаржылай көмек көрсетті.
Бұл – тек жеке қайырымдылық қана емес, халық қалаулысының азамат алдындағы жауапкершілігін сезінуінің көрінісі. Себебі халық үніне құлақ асу – тек тыңдап қою емес, мәселені шешудің нақты тетіктерін табу.
Қабылдау барысында бірнеше мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана да көмекке жүгінді. Депутат оның өтінішін назардан тыс қалдырмай, «Балаларды мектепке дайындайық» акциясы аясында мектеп жасындағы балаларға оқу құралдары мен қажетті жабдықтарды табыстады.
Бұл бастама – әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау арқылы қоғамдағы тең мүмкіндікті қамтамасыз етуге бағытталған игі қадам.
Қабылдауға келген әрбір азамат өз мәселесін еркін айтып, жедел жауап алды. Мұндай қабылдаулардың тұрақты өткізілуі халық пен билік арасындағы сенімді арттырады және тұрғындарды өз мәселесін айтуға, саяси тұрғыда белсенді болуға ынталандырады.
«AMANAT» партиясының бұл жұмысы – азаматтардың үнін тыңдайтын, нақты шешім қабылдайтын жүйелі саясаттың бір бөлігі. Халық үніне құлақ асу қағидасы тек ресми құжаттарда ғана емес, осындай нақты істерде көрініс табуы – еліміздегі саяси мәдениеттің нығайып келе жатқанын айғақтайды.













