ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ МЕКТЕПТЕРДЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ЖҮЙЕСІ ҚАРҚЫНДЫ
Түркістан облысы Қазақстанда Старлинк жобасы арқылы сапалы интернетпен елдімекендерді толық қамтыған алғашқы аймақ болады. Өңірдегі 330 проблемалы мектептің 203-іне жылдам интернет құралы орнатылды. Қалған білім ордалары да сәуір айының аяғына дейін толық қамтылады. Ал шалғай елдімекендерге жаңа жеткізілген интернет сапасы қандай?
Қазығұрт ауданына қарасты Еңбек елдімекеніндегі жалпы орта мектебі оқушылары ерекше қуанышқа бөленді. 10 сынып оқушысы Нұргүл Жолдастың айтуынша, бұған дейін білім ордасында интернет әлсіз болғандықтан, түрлі дайындық платформаларына кіру қиындық туғызған. Жоғары сынып оқушылары ҰБТ тестілуге дайындыққа да көп мүмкіндік пайда болғанын айтады.
Жалпы Starlink жобасының мақсаты — әлемде, әсіресе байланыс әлсіз немесе мүлдем жоқ шалғай аймақтарда жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Жауаптылар спутниктік құрылығының көмегімен ұстаздардың жұмысы едәуір жеңілдегенін, оқушыларға үлкен мүмкіндіктерге жол ашылғандығын айтады. Бүгінгі таңда облысқа 330 Starlink спутниктік интернет желісінің құрылғысы келген. Оның 203-і толық орнатылып, жұмыс істеп тұр. Жалпы жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 498 млн. теңге қаражат бөлінген.
Еркеғали Әлімқұлов, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы: «Starlink» құрылғысын SpaceX компаниясының құрылғысын, цифрландыру министрілігімен бірлесіп, алып келіп, 330 мектепке орнатуды бастадық. Қазіргі таңда 203 мектепте нақты орнатылып, сапалы түрде жұмыс істеп жатыр».
«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ арқылы SpaceX компаниясының Starlink спутниктік интернет желісімен қамту жұмыстары Төлеби ауданында да жүргізіліп жатыр. Жыланбұзған жалпы орта мектебінің тәжірибелі ұстазы Сақыпжан Юнусов көптеген жылдар бойы интернет байланысы нашар болғанын айтады. Алайда, сапалы байланыс орнатылғалы, жағдай біршама түзелді дейді ол. Сөзінше, қазіргі таңда интернет сапасы баланың лайықты деңгейде білім алуына үлкен әсер етеді.
Төлеби ауданында 68 мектеп болса, 20 оқу ордасы интернет сапасы жағынан мәселелі мекемеге жататын көрінеді. Жаңа құрылығылар соның барлығына орнатылуда.
Бекайдар Тойлыбаев, Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы: «Төлеби ауданы қыратты-сайлы аудан болған соң, біз интернеттен біраз қиналдық. Соның ішінде Жыланбұзған мектебі балалардың сабағына, ата-аналардың байланыса интернет желісі өте төмен болды бізде. Қазір Старлинк құрылығысын қосқалы, бір класс толығымен интернетке қосылып, балалар білім алып жатыр. Мұғалімдерінің күнделікті жұмысын жүргізу, оқушымен байланысы жоғары деңгейде болып жатыр».
Түркістан облысында 911 мемлекеттік мектеп бар. 330 білім ордасы шалғай және таулы аумақтарда орналасуына байланысты, техникалық мүмкіндігіне қарай жылдамдығы төмен интернет желісімен қамтылған. Бүгінгі таңда 203 мектепте 20 мбит/с жылдамдықпен жұмыс істеген интернет, қазір Starlink спутниктік желісі арқылы 200 мбит/с жоғары жылдамдыққа жетті. Қалған 127 мектепке орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар сәуір айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.