ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУДАНЫНДА 2500-ДЕН АСТАМ АДАМ СЕНБІЛІККЕ ШЫҚТЫ
Созақ ауданындағы барлық ауылдар мен елді мекендерде сенбілік өтті. Аудан орталығы Шолаққорған ауылында ішкі көшелерге тазалық және көгалдандыру жұмыстары жүрді. Одан бөлек, саябақтар ретке келтіріліп, тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Нәтижесінде 36 шақырым көше бойы мен 19 шақырым аяқ жолдар және өзен-көлдер мен арықтардың 11 шақырымы тазаланды. Атқарылған шараларға 21 арнайы техника тартылып, полигонға 81 тонна қоқыс тасымалданды. Жалпы тазалық шараларына 2500-ге жуық мекеме қызметкерлерімен қоса ардагерлер ұйымы және қоғамдық ұйым мүшелері жұмыла кірісті.
Сонымен қатар, аудандағы Қарақұр ауылдық округіне қарасты Раң ата елді мекенде тазалық шаралары өтті. Сенбілікте ауылдағы ішкі көшелер ретке келтіріліп, күре жолдардың бойы қоқыстардан тазартылды. Атқарылған шараларға 2 арнайы техника мен 70-ке тарта тұрғын атсалысты. Нәтижесінде ауылдың ішкі көшелері тазартылып, 3 тоннадан астам қоқыс қалдықтары шығарылды.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы өте жоғары деңгейде жалғасып жатыр. Үш апта көлемінде мыңдаған көшет отырғызылып, елді мекендер мен көшелер тазаланды. «Киелі мекен» апталығында қасиетті орындар мен ескерткіштер маңы тазаланып, туристік нысандардың ажары ашыла түсті.