МАҚТААРАЛ АУДАНЫ 2026 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ 100 ПАЙЫЗ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛМАҚ

0
41

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың өмір сүрулеріне қолайлы орта қалыптастыру мақсатында Мақтаарал ауданында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қайта құрылғанына биыл 6 жыл толып отырған Мақтаарал ауданында 69 елді мекен бар. Бүгінде оның 45-і табиғи газбен қамтамасыз етілсе, 23 елді мекеннің жобалау сметалық құжаттамалары толығымен әзірленіп, 19 ауылды көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 4 елді мекеннің де тиісті құжаттары толығымен әзірленіп, қаржы бөлдіру мақсатында салалық басқармаларға ұсынылған. Сала мамандарының айтуынша, 2026 жылы мақтааралдықтар 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады.

Қазіргі таңда ауданда елді мекен санымен есептегенде табиғи газбен қамту көрсеткіші 65% болса, халық саны бойынша есептегенде 75%-ға жеткен. Ал, 19 елді мекенде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталса, көрсеткіш 95%-ға жететін болады.

Одан бөлек, ауданда биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын 38 көшеге, жергілікті бюджет есебінен жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын 20 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қанағаттанарлық жағдайдағы ішкі көшелердің үлесін арттыру көзделіп отыр.

Өңір тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтің айтуынша, 2024 жылы 86 нысанның құрылысына 12,2 млрд.теңге бөлініп, оның ішінде 48 нысанның (44 е.м., 7 жеткізуші газ құбыры 1 АГТС, 74 917 халық) құрылысы 2024 жылы аяқталады. Қалған 38 нысан 2025 жылға өтпелі.

Нәтижесінде Түркістан облысы тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші 84,9 % -ға жетеді. Облыс елді мекендерін 100 % табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспары» облыс әкімдігімен бекітілді. Жоспарға сәйкес, облыстағы 319 елді мекенді (469,6 мың халық) 2027 жылы табиғи газбен қамтамасыз етуге қол жеткізеді. Жалпы, елді мекендерді газдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда және жүйелі түрде ары қарай жалғасатын болады.

Leave a reply