«AMANAT» жаңару мен жаңғырудың ұйытқысы болады

0
45

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұжымы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын төрт көзіміз түгел отырып, тыңдадық. Мемлекет басшысының Жолдауында қамтылған негізгі басымдықтарды партиялық құрылымдарды тарта отырып, іске асырудың жолдарын қарастырып, алда атқарылар жұмыс бағыттарын белгіледік.

Жиын барысында ең алдымен, Президент Жолдауында айтылған жаңа саяси жағдайдағы ауқымды реформаларға облыс тұрғындарының қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселесін назарға алдық. Жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жаңа саяси мәдениетті ілгерілету ісіне үлесімізді қоспақ ниеттеміз. Қолға алынған түбегейлі реформалардың түпкі мәні – азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, экономиканы ырықтандыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағдарланғанын атап өтуіміз керек. Президент Жолдауында қамтылған бағыттар бойынша партиялық құрылымдарда эксперттік пікір мінберлерінің жұмысын жолға қоюды пысықтап, партияның шын мәніндегі талқы алаңына айналуына жағдай жасау қажет.
Алдағы жұмысымызда, Президент баса мән берген экономикалық бағыт бойынша, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою жөніндегі міндеттерді сала мамандарын қатыстыра отырып, кеңінен талқылайтын боламыз. Банктердің экономиканың нақты секторларына бағдарланған несие бағдарламаларын қоғам болып таразылап, шағын және орта бизнесті қаржыландыру тетіктерін жетілдіруде облыс тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін жинақтап, салықтық әкімшілендірудің жаңа тәртіптерін халыққа жеткізу қажет. Сондай-ақ, мемлекеттік кірістер органдары өкілдерінің партиялық мінберлер арқылы сайлаушыларымыздың алдына шығуын үйлестіруді қарастырмақпыз.
Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсартуда, партиямыздың диалог алаңдарында кәсіпкерлер мен әкімдіктің жауапты қызметкерлерімен, банк өкілдерімен кездесулер өткізіп, Мемлекет басшысы айтқан «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау үдерісіне өзіндік үлесімізді қоссақ дейміз. Мемлекет басшысы «Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет» деп атап өтті. Аграрлық сала Түркістан облысының экономикасы үшін ең маңызды сала екенін ұғына отырып, бұл бағыттағы жұмыстардың алғы шебінен табылуға және аграрлық шаруашылықтар мен қаржылық ұйымдар арасында сындарлы диалог орнығуына қызмет ететін боламыз.
Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау үдерісіне де аманаттық өкілдер, депутаттық корпустың мүшелері, партия жанындағы консультативтік органдар барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, облысымызда терең өңдеу өнеркәсібінің аяқтан тұруына жәрдемші болуы керек. Бұл бағытта да сала мамандарының, кәсіпкерлік ұйымдар мен өндіріс саласы өкілдерінің басын қосқан эксперттік жиындар өткізіп, қоғамдық пікірге қозғау салып, орнықты ұсыныс-пікірлерін тыңдаған жөн.
Мемлекет басшысы инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді тізбектеп берді. Түркістан облысының инфрақұрылымдық дамуы – партиямыздың Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының маңызды тармағы саналатыны белгілі. Жол сапасын арттыру, елді мекендерге газ, электр қуатын тарту, сапалы ауыз сумен қамту жөніндегі міндеттер белгіленіп, олардың кезең-кезеңімен іске асырылуы – тұрақты бақылауымызда тұрған мәселе.
Қасым-Жомарт Кемелұлы, сондай-ақ, ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу қажеттігіне айрықша назар аударды. Бұл мәселе Түркістан облысы үшін де өте өзекті екені айқын. Ағын су тапшылығына тап болған диқандардың саны жыл санап көбеюде. Мәселені оңтайлы шешуде су арналарында механикалық тазалау жұмыстары қарқын алды. Көптеген каналдар жөндеуден өтіп, бетондалды. Дегенмен, су жетпей жатқан егістік алқаптарының үлесі біршама төмендегенімен, су тапшылығы мәселесі түпкілікті шешімін тапқан жоқ. Қалыптасқан ахуалдан шығудың жалғыз жолы – суды барынша үнемді жұмсауға дағдылану. Негізгі міндет – су үнемдеу технологияларын пайдаланушы аграрлық құрылымдардың үлесін арттыру. Бұл бағытта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе отырып, қимылдаймыз.
Партияның өңірлік филиалы Президенттің білім беру, денсаулық сақтау, бұқаралық спортты дамыту салалары бойынша берген тапсырмаларының орындалуын қоғамдық бақылауда ұстап, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуына қолдау көрсетуді жалғастырады. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясындағы партиялық «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын жүйелі түрде іске асырып, бұл бастамамызға облыс тұрғындарын кеңінен тартуды әрі қарай да жалғастырады.
Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларының тиімділігіне ерекше тоқталды. Мемлекеттік бағдарламалар деңгейіне көтерілген жобаларды нәтижелі іске асыруға партия өкілдері де белсене қатысады. Осы жобалардың негізінде Мемлекет басшысы айтқан «Тауар несиесін беру» бастамасын, сондай-ақ, мектептерде қаржылық және цифрлық сауаттылықты арттыру курстарын ұйымдастыру мәселелері бойынша практикалық көмегімізбен бөлісетін боламыз. Заң мен тәртіптің орнығуын қамтуда соңғы кездері өріс алған цифрлы кеңістіктегі алаяқтық әрекеттерге тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру арқылы тойтарыс беруге тиіспіз.
«AMANAT» партиясы еліміздегі барлық жаңару мен жаңғырудың ұйытқысы болған ауқымды саяси күш ретінде және қоғам мен мемлекет игілігі үшін жүмыс істейтін партия санатында, аталған маңызды қоғамдық саяси науқандарды өткізуге белсене кірісіп, халықтың ерікті таңдауын жасауына жол ашады деген сенімдеміз.

Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы,
облыстық мәслихат депутаты.

Leave a reply