Ұлт саулығы – басты мәселе
Ел Президенті Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында да денсаулық сақтау саласын айналып өтпеді. Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек деді. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жекеменшік медицинаға зор пайдасын тигізді» деп атап өтті. Сондай-ақ, биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге бөлінді. Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажеттігін атап өтті. Ал, одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс деді. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін еместігін айтты.
– Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту қажет. Үкімет денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жаңа нормативтер мен ережелер әзірлеуі керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы атап өткендей, білікті медицина мамандарының тапшылығы – әлі де өзекті мәселе. Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша көтерген жөн. Соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілесе, одан тек ұтар едік деп ойлаймын.
Қосымша ресурстарды пайдалануда нарық эконмикасының тетіктерін пайдаланып Үкімет, Денсаулық сақтау министрлігі жекеменшік пен мемлекеттік жүйе арасында тепе-теңдік орнатуы қажет. Білім сапасын жақсартуға Түркістан облысы мен Шымкент қаласының мүмкіндіктері мол. Мәселен, ОҚМА мен құрамында өз клиникасы бар Ясауи атындағы ХҚТУ-дің медицина факультетінің әлеуеті зор. Өңіріміздің медицина саласын дамытуда жоғары көрсеткіштерге жететініне кәміл сенемін.
Иманәлі БАЙДӘУЛЕТ,
қоғам қайраткері,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері.