
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғауды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Президент ұсынған «Заң мен Тәртіп» қағидаты – әділетті қоғам құрудың, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырудың және елдегі тұрақтылықты сақтаудың басты негізі. Бұл қағидат құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін күшейту, азаматтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету сияқты маңызды міндеттерді қамтиды.
Бүгінде осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысы республикадағы қоғамдық қауіпсіздік деңгейі жоғары өңірлердің бірі ретінде танылып отыр. Облыста құқық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы органдардың және қоғамдық ұйымдардың өзара үйлесімді жұмысының арқасында құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтіліп, тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптасуда.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты негізінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, есептік мерзімде, құқықбұзушылық – 4,6 %-ға, қылмыс – 4,5 %-ға, сондай-ақ қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар – 3,6 %-ға, оның ішінде көшеде жасалған қылмыстар – 1 %-ға төмендеген. Нәтижесінде Түркістан облысы криминогендік ахуал бойынша республикадағы ең қауіпсіз өңір ретінде танылды. Қоғамдық тәртіпті сақтауға облыс бойынша 1236 қоғамдық көмекші тартылып, олардың қатысуымен 451 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 11 қылмыстың ашылуына ықпал жасады. Азаматтарға құқықтық көмек көрсету мақсатында биылғы жылы «Жолда қабылдау» акциясы 23 рет ұйымдастырылып, оған 120 маман жұмылдырылды. Нәтижесінде 3 мыңнан астам азаматтың өтініші қаралып, құқықтық кеңестер берілді. Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу мақсатында білім, қоғамдық даму, денсаулық сақтау басқармалары және «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесе 883 профилактикалық іс-шара өткізілді. Сонымен қатар облыста 21 «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылып, онда 458 оқушы білім алуда. Облыс прокуратурасымен бірлескен «Қауіпсіз балалық шақ кепілі» жобасы аясында мектептерде құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған тұрақты профилактикалық сабақтар өткізілуде.
Түркістан облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында заманауи тәсілдер кеңінен енгізілуде. Соның ішінде цифрлық технологияларды пайдалану, бейнебақылау жүйелерін көбейту, қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша тәулік бойы мониторинг жүргізу жұмыстары өз тиімділігін көрсетуде. Өңірдегі қалалар мен аудан орталықтарында «Сергек» және басқа да интеллектуалды бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндіктері кеңейтіліп, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік беруде.
Сонымен қатар, облыста полиция қызметінің сервистік моделіне көшу бағытында да маңызды жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл модельдің негізгі мақсаты – азаматтарға сапалы қызмет көрсету, халықпен ашық әрі тиімді байланыс орнату, тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет ету. Осы бағытта учаскелік полиция инспекторларының жұмысы жетілдіріліп, халықпен тұрақты кездесулер өткізу тәжірибесі қалыптасты. Нәтижесінде тұрғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімі артып келеді.
Облыста кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Білім беру ұйымдарында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кездесулер, түсіндіру жұмыстары, профилактикалық іс-шаралар тұрақты өткізіледі. Полиция қызметкерлері, прокуратура, білім беру ұйымдары және ата-аналар қауымдастығы бірлесіп жұмыс жүргізу арқылы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға күш салуда.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу да өңірдегі маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бөлімшелерінің қызметі күшейтіліп, дағдарыс орталықтарымен өзара іс-қимыл жолға қойылған. Құқық қорғау органдары зорлық-зомбылыққа қатысты әрбір дерек бойынша жедел шара қабылдап, зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық береді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету де «Заң мен Тәртіп» қағидатының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында профилактикалық рейдтер тұрақты өткізіліп келеді. Мас күйінде көлік басқару, жылдамдық режимін бұзу, қарсы қозғалыс жолағына шығу секілді өрескел құқық бұзушылықтарға қатысты бақылау күшейтілген. Сонымен бірге мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында жол қозғалысы ережелерін насихаттауға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде еріктілер мен қоғамдық ұйымдардың да рөлі артып келеді. Түркістан облысында қоғамдық кеңестер, ақсақалдар алқасы, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар ұйымдары құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға белсенді атсалысуда. Бұл қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы әріптестікті нығайтып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге оң ықпалын тигізуде.
Облыста интернет алаяқтығының алдын алу жұмыстары да күшейтілген. Азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және халықпен кездесулер арқылы түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Сонымен қатар, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – әрбір азаматтың заңға құрметпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапкершілікпен қарауын талап ететін ортақ құндылық. Заң талаптарын сақтау, өзгенің құқығына құрметпен қарау және қоғамдық тәртіпті сақтау – қауіпсіз қоғамның басты кепілі.
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан кешенді жұмыстар өңірдің қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп» қағидатын дәйекті іске асыру нәтижесінде өңірде қауіпсіз әрі тұрақты қоғамдық орта қалыптасып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін нығайту және қоғамдық келісімді сақтау ісіне жаңа серпін бермек.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыста «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастар арасында 329 іс-шара өткізіліп, 30 мыңға жуық жас қамтылды. Сонымен қатар жастар арасында құқықбұзушылық, нашақорлық, лудомания, ерте жүктілік, буллинг, сталкинг және аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бағытында 956 психо-профилактикалық іс-шара өткізіліп, 70 150 жас қамтылды.













