Бүгінгі күнде әлем дамуының негізгі үрдістері тікелей не жанама түрде жаһандық үрдістермен байланысты болуы уақыт талабы. Бұл тұрғыда жаһандық дамудың маңызды әрі іргелі артықшылықтарының бірі – әр түрлі мәдениеттер мен өркениеттар арасында өзара түсіністіктің жақсаруы. Осы мәселе бойынша маңызды мақаламызды Сайрам ауданының тұрғындарының назарына ұсынып отырмыз.
Конфессияаралық келісімнің басты мақсаты – Қазақстан еліндегі діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету. Елдегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тек дәстүрлі діндердің ғана емес, барлық діндердің арасында өзара келісімге негізделген қарым-қатынастардың сақталуы деп біледі.
Әр түрлі конфессия өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатып, оларға қамқорлық таныту саясаттан бөлек адами құндылық болып табылады. Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер арасында сенімді байланыстар орнықтыратын өркениетаралық алмасулардың алаңына айналғандай.
Кез келген діннің адамзатқа ортақ болып табылатын құндылықтарын алға тарту арқылы қоғамда әр түрлі дін өкілдерінің мақсат, ниеттерін бір арнаға, игі істерге тоғыстыру – қоғам қажеттілігі екенін әлемдік қауымдастық ескеріп, бұл мәселеге басты назар аударуда. Расында, діннің біріктіруші күші, сонымен қатар адамгершілік құндылықтары мен дәстүрлерінің адамдар арасында келісім мен бейбітшілік орнатуға, адамзат бірлігін дамытуға, жаһандық сын-тегеуріндерге төтеп беруге әлеуеті жеткілікті.
Жаһандық әлемдегі ахуал кез келген аймақтағы жергілікті жағдайды айқындауға ықпал ете алады. Сондықтан, әлемдік қауымдастық тұрақты дамуға қол жеткізу үшін конфессияаралық, мәдениетаралық келісімді сақтауға мүдделік танытуда. Біріншіден, конфессияаралық келісімді нығайту заманауи сын-тегеуріндер мен қақтығыстарды болдырмауға септігін тигізе алады. Екіншіден, аймақаралық шекара түсінігі уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтуда, әлемнің кез келген мемлекеті босқындар мен жер аударушыларға тиісті назар аударуға мәжбүр. Үшіншіден, қоғамда берік орнатылған конфессияаралық диалог пен өзаратүсіністік қазіргі уақытта әлеуметтік тұрақсыздыққа әкеліп соққан экстремизм мен терроризм, ксенофобия, рухани сауатсыздық пен үстемдік етуге талпынушы күштермен күресуге үлкен мүмкіндік береді.
Қазақстан үшін конфессияаралық келісімді дамыту мәселесі жат жаңалық емес, бүгінгі күнге дейін жүзеге асырылған мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар мен бастамалар әлем қауымдастығы алдында үлкен қызығушылыққа ие, дінаралық келісімнің қалыптасқан «қазақстандық моделі» деген сөз тіркесі де халықаралық деңгейде кең танымалдылыққа ие. Конфессияаралық және өркениетаралық келісімнің жасампаздық әлеуеті ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де бітімгершілікке бастай алатынын мемлекетіміз әлемге дәлелдей білді.
Елімізде әртүрлі діндер мен конфессия өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі және өзара тиімді іс-әрекет етуі үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Мұсылмандар, христиандар және басқа діни сенім өкілдері біздің көпконфессиялы және көпұлтты ортақ үйімізде қоян-қолтық араласа өмір сүріп жатыр. Қазақстандағы конфессияаралық қатынастар әлемдегі көптеген елдер үшін үлгі болып отыр. Жалпы, дін қоғам мен мемлекет дамуының қажетті және сөзсіз жағымды факторына айнала бастады. Бұл діннің тұрақтылығына, қоғам тұрақтылығына үлкен септігін тигізетін фактор.
Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім көпұлтты, көптілді және көпконфессиялы Қазақстан үшін күрделі мәселе. Бүгінде Қазақстан әлемге бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығы есебінде де таныс. Оған әлемдік және дәстүрлі діндердің басшылары анағұрлым маңызды заманауи діни мәселелерді шешу үшін жиналады. Олар: толеранттылық, өзара құрметтеу мен түсінісу, ұлтаралық келісім мен діни төзімділік. Бұл қағидалар Қазақстандағы конфессияаралық қатынастардың да негізін құрайды.
Қорытындылай келе еліміз халықаралық аренада басқа мемлекеттерге үлгі бола алатындай еңселі істерді атқарып келеді. Сондықтан да конфессияаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету басты назарда болуы тиіс. Қазақстанның бүгінгідей қарыштап дамып отырғаны тұрақтылық, ұлтаралық, дінаралық келісімнің нәтижесі. Ұлтаралық келісім мен этносаралық қатынастарды дамытып, сонымен қатар өскелең жас ұрпақтың Қазақстандық патриотизмнің жаңа рухында және отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы зор екендігін жадымыздан шығармауымыз керек.
Г.БЕКЖАН,
Теолог маман.