КЕНТАУДА ШӨЛ ҚАУЫНЫН ӨСІРЕТІН ШАРУА БАР

0
6

Мемлекет тарапынан бүгінде өз кәсібін бастағасы келетіндерге жан-жақты қолдау қарастырылған. Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар қабылданып, оларда азаматтардың жеке кәсібін ашу үшін бизнес-жоспарды жасаудан бастап, кәсібін қалай, неден бастап, қалай жүргізуін үйретіп, арнайы сертификат беріледі. Оған қоса қайтарымыз қаржы, гранттар мен өте төмен мөлшермен несиелер беру де қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда жұмыс істеуге ынталы адамдарға жұмыс табылады, ал жеке шаруашылығын, не жеке кәсібін ашқысы келетіндерге де жоғарыда айтылғандай барлық жағдай қарастырылған. Қарнақ ауылындағы Дөдеген учаскесінде орналасқан «Зебо» шаруа қожалығы шөлде бақша өнімдерін өсіруде.
Биыл мамыр айының ортасында қожалық ағын су бармайтын 7 гектар тәлім жерге қауын еккен. Қазір бақша дақылдары алғашқы өнімдерін бере бастаған.
Дәмі тіл үйіретін өнімдердің басты ерекшелігі – таза табиғилығында. Яғни, қауын-қарбызға ешқандай химиялық тыңайтқыш тіпті қарапайым су да берілмейді.
Қожалық қара күзге дейін 7 гектар алқаптан 30 тоннаға дейін өнім алуды жоспарлап отыр. Осылайша аз шығын шығарып, мол өнім алу арқылы шаруасын пайдаға кенелтуді мақсат еткен шаруалар биылғы жылғы әрекеті нәтижелі болса бұл жұмысты алдағы уақытта жалғастыруға да ниетті.
Жалпы, Кентау қаласының тұрғындары ауыл шаруашылығы саласының жұмыстарына бейім болып келеді. Енді бір кентаулық шаруалар бос жатқан жерлерге егін егіп, отандық өнім өндіруге үлестерін қосуда. Сондай-ақ олар бір емес, бірнеше егін түрін егумен де айналысады. Сондай шаруа ұжымының бірі — «Эрмет ата» шаруақожалығы.
2006 жылдан бері өз шаруасын қолға алған ауыл тұрғыны, бүгінде жемістің түр-түрін егіп мол өнім жинап отыр. Биылдың өзінде 6 гектар жерге бау-бақша, 4 гектар жерге бидай, 5 гектар жергке жоңышқа, 2 гектар жерге жүзім, 5 гектар жерге қарбыз еккен. Барлығы тамшылатып суғару әдісімен өсірілуде. Тамшылатып суғару әдісі суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Яғни егістік пен бау-бақшаны суғаруға кететін шығыны әлдеқайда аз болады. Соның есебінен өндірілген өнімінің өзіндік құны да айтарлықтай төмен болады.
Аталған шаруа қожалығы еккен егістік алқаптарындағы жұмыстарды негізінен өздері атқарады. Ал егістік, бау-бақшаларындағы өнімдері пісіп, дайын болған сәттен бастап бірнеше ауыл тұрғындарын уақытша маусымдық жұмыспен қамтамасыз етеді. Егістіктер мен бау-бақшалардың өнімдері мен жемістерін тез әрі аз мерзімде сапалы етіп жинап алу үшін қосымша жұмыс күшін жалдайды.
«Жемістердің басым көпшілігі Өзбекстан елінен әкелініп, осында көбейтіп жатырмыз. Шаруашылықпен айналысу оңай емес. Себебі, бұлдардың да өз ауыратын сәттері болады. Қажет шараларды жасап, мол өнім алуға еңбектенудеміз» дейді шаруа иесі Әлішер Эрметұлы.
Шаруа қожалығы егістік және жемістік алқаптарынан жиналған өнімдерін Кентау қаласынан бөлек, Түркістан және басқа да облысымыздың аудан-қалаларына, көрші аймақтарға тасмалдауда. Озық технологияларды пайдаланып, еселі еңбек етіп өсірген өнімдердің өзіндік құны үнемшілдіктің арқасында төмен болғандықтан бұл шаруалар өз еңбектерінің жемісін көріп нәтижесінен табысқа шығатыны даусыз.
Айта кетейік, Түркістан облысында 2024 жылы су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарланған. Негізгі мақсат – шөлейтті аймақ болып есептелетін Түркістан өңірінде жаңа технологияның көмегімен өнім көлемін арттыру, шаруаларға тиімді жол ұсыну. Әрі мемлекеттің субцидиясы қарастырылған. Озық технологияны таңдаған шаруаларға қаржының тең жартысын мемлекет өтеп береді. Су арналарына жақын орналасқан жерлерде кооператив құрып, біріккен диқандарға да қолдау бар.
Заманауи қондырғылар АҚШ, Израиль, Еуропа, Қытай, БАӘ мен Қытай елдерінде жасалады. Облыста су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындарды ашу инвестициялық жобалары жүзеге асуда. Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын еліміздегі тұңғыш зауыт Түркістан облысында іске қосылды.

Leave a reply