САЙРАМ АУДАНЫНДА БИЫЛ 62,3 МЛРД ТЕҢГЕНІ ҚҰРАЙТЫН 21 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Сайрам ауданында биыл жалпы құны 62,3 млрд теңгені құрайтын 21 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Өткен жылы құны 15,5 млрд теңгені құрайтын 11 жоба іске қосылып, 235 жұмыс орны ашылған болатын. Бұл туралы ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бахадыр Олжаев аудан әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен өткен кеңес отырысында мәлімдеді.
– Бүгінгі таңда ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандар саны – 23 549 бірлік. Ал олардың өндірген өнім көлемі 208 млрд теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға артқан. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиелендіруді арттыру бағытында 75 жоба қаржыландырылды. Өткен жылы облыс әкімдігінің «Сайрам» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ құру туралы қаулысы қабылданды. Аталған индустриялық аймақта іске асырылатын жобалар саны – 126-ны құрап, жобалардың құны 62,2 млрд теңгеге жетіп отыр. Нәтижесінде 1 835 жұмыс орны ашылмақ, – деді бөлім басшысы.