
Түркістан облысының айтыскер ақындары мен жыршы-термешілерінен құралған командасы кезекті жеңіске қол жеткізді. Қостанай облысында «Адал еңбек – ел дәулеті» тақырыбымен өткен додада екі облыстың командасы арасында сайысқа түсіп, Астанада өтетін жартылай финалға жолдама алды.
Айтысқа төл өнерді төрге оздырған, Алаштың абызы Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы төрелік етті. Жыр додасының қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен киелі Түркістан облысының командасы айтыстың жартылай финалына жолдама алды.
– Киелі Түркістан мен қасиетті Тобыл-Торғай өңірінің қазіргі таңдағы ең мықты өнерпаздары жиналды. Бірінен бірі озған дүлдүлдері бас қосты. Негізгі мақсат – бәсеке емес өнер алмасу, халықтың рухани шөлін қандыру. Осы межеге кәміл жеттік деп ойлаймын. Оған бүгінгі көрерменнің қиқуы мен ыстық ықыласы дәлел, – деді «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының Саяси жұмыстар департаментінің директоры Еркебұлан Жаулыбаев. Осылайша Түркістан облысының команда жеңімпаз атанып, өңіріміздің мерейін арттырды.
Айта кетейік,«AMANAT» партиясының қолдауымен былтыр наурыз айында басталған командалық айтыс халықтың ықыласына бөленді. Еліміздің әр өңірінде жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді. Аталған сайысты Қостанай облысы әкімдігі мен Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы ұйымдастырған.